Тоқаев Катар Сыртқы істер министрін қабылдады

Тоқаев Катар Сыртқы істер министрін қабылдады
Сурет: Akorda.kz

Кездесуде қазақ-қатар қарым-қатынастарын дамыту перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Катар Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Таниды қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде экономиканың негізгі салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды қарастырып, өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы қыркүйек айында Эр-Риядта өтетін Орталық Азия және Парсы шығанағы елдері сыртқы істер ведомстволары басшыларының диалог алаңының бірінші отырысын құптайтынын жеткізді.

Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаевқа Катар Әмірінің сәлемін жеткізіп, оның жуық арада Қазақстанға келетінін растады.