Бидайдың бағасы арзандауы мүмкін

Бидайдың бағасы арзандауы мүмкін
Сурет: Egemen.kz

Шаруалар осындай болжам жасады.

Алайда нарықтағы жағдай «Азық-түлік корпорациясының» шешіміне қарай құбылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Күзгі науқанда бидай бағасы тоннасына 100 мың теңгеге дейін төмендеуі мүмкін.

Биыл елде 13 миллион тоннадай егін жиналуы мүмкін. Бұл, былтырға қарағанда, біршама көп. Сәйкесінше, экспорттық әлеует те жоғары. Бірақ бұл бағыттағы бірқатар қиындық бар.

Шығыстағы шаруа қожалықтары бидайдың тоннасы 100 мың теңгеден кем болмау керек деп санайды. Олар мұны әділ баға деп есептейді. Алайда нарықтағы жағдай «Азық-түлік корпорациясының» шешіміне қарай құбылады. Олар сатып алуға қандай баға және қандай көлемді белгілейді соған байланысты. Бұл ақпарат 15 қыркүйекте жарияланады.

«Бірінші мәселе - ол нарық. Біз нарыққа қарап отырамыз. Бірақ ел ішінде мемлекеттік продкорпорация деген ұйым бар, азық-түлік корпорациясы. Сол биыл Қазақстан өндірушілерінен өте көп бидайды сатып алуды жоспарлап отыр. Олар арзан бағамен диірмендерге бидай аударғаннан кейін бидайдың құны түседі. Ұн арзандайды», - деп түсіндірді Kazgrain ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлібек Атай.