Елімізде Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына дайындық қызу жүріп жатыр

Елімізде Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына дайындық қызу жүріп жатыр
Сурет: Inform.kz

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы Қостанай облысында кең көлемде аталып өтеді деп жоспарланып отыр.

Іс-шаралардың негізгі бөлігі саяси қайраткердің туған өлкесінде өтеді. Ақкөл ауылында Ахмет Байтұрсынұлына және Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылады.

Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбек жолы мен өмірі биыл ерекше назарда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Осы мақсатта, тіпті, экспедиция да топтастырылған. Ғалымдар мен тарихшылар Қазақстан,Ресей және Әзірбайжанның бірнеше облыстарында болып, ондағы мұрағаттарды зерттеп, ұлт ұстазы қызмет еткен мектептер мен редакцияларды аралайды. Жобаның қорытындысы бойынша деректі фильм таныстырылады.

«Экспедицияның қорытындысын Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте шығарғалы отырмыз. Себебі кезінде осы мектептің қабырғасында Қостанай педагогикалық сыныбы жұмыс жасаған. Аталмыш сыныпта Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінен сабақ берген еді», - дейді экспедиция жетекшісі Алмас Әбсадық. 

Негізгі шаралардың бірі музей-үйдің ашылуы болмақ. Осы мақсатта Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрді деген болжам айтылып жүрген үй орнында жаңа ғимарат салынып, ол тарихи экспонаттармен толтырылады.