Төбет пен тазыны күтіп-баптауға көңіл бөлінбек

Төбет пен тазыны күтіп-баптауға көңіл бөлінбек
Сурет: Ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізді. Жаңа заңнамалық актілер жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, экология мен жануарларды қорғауға қатысты мәселелерді қамтиды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Биыл Парламент қабылдаған бірқатар заңдар 2023 жылы 1 қаңтарда күшіне енді. Олардың арасында Салық, Әлеуметтік кодекстер, Конституциялық сот, базалық көрсеткіштер сынды маңызды тақырыптар қамтылған. Ал Мемлекет басшысы биыл күшіне енетін бірқатар заңға өзгертулер енгізді. Мәселен, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері. Енді төбеттер мен тазыларды күтіп-баптауға көңіл бөлінеді. Олардың генетикалық профилін құрастыруға ғылыми зерттеу жүргізіліп, мемлекеттік қолдау көрсетілмек.

«Тазы, төбеттерге арналған заң өте құнды деп санаймын. Неге десеңіздер, бұл тазы мен төбет бізге атадан мұра болып қалған. Мақсатымыз – мүмкін болғанша қастерлеп, өндіріп, өсіріп, келешек ұрпаққа, өсіп келе жатқан болашаққа қалдыру», – деді кинолог Жақып Есболаев.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактісін ашқан адамдардың қауіпсіздігін қорғау туралы заңға өзгеріс енгізілмек. Бұл құжат бұрыннан болған, бірақ биылғы түзетулер көбіне еңбек ұжымдарына арналмақ. Яғни ұжымда әріптесінің не басшысының жемқорлыққа барып жатқан әрекетін әшкерелеген азаматтардың құқығы ерекше қорғалып, оның қудаланбауына жағдай жасалады.

«Қазіргі қабылданып жатқан заң сондай мәліметтер берген адамдардың тәртіптік мәселесі, жұмыс кестесі, басқа да жұмысындағы келісімшарттың талаптарының орындалуын ұжымдық деңгейде шешу, яғни ондай адамдарға қатысты мәселені бастық жеке-дара шешпейді, ұжымдық кеңес қана шешеді», – деді «Әділдік жолы» ҚБ қалалық филиалының директоры Бауыржан Мақұлбаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев экологияға зиян келтіргендер мен вандализмге жол бергендерге әкімшілік жауапкершілікті күшейту туралы құжатқа да қол қойды. Бұдан өзге 2025 жылдарға дейінгі республикалық бюджет туралы заң өз жұмысын бастайды. Соның негізінде бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жарым жасқа дейін ұзарады, базалық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен көтерілмек. Сондай-ақ ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге, ал бір айлық есептік көрсеткіш сомасы 3450 теңге болып бекітілді. Сонымен қатар қаңтардың 1-інен бастап Конституциялық сот өз жұмысын бастады.

«Көбі ойлайды, Жоғарғы Сот біздің шешімімізді бұзып немесе күшінде қалдырса, дереу Конституциялық сот шешеді деп. Жоқ, олай емес. Конституциялық сотқа Үкімет тарапынан қабылданған әрбір заң, Парламент, Министрлер тарапынан келтірілген құқықтық актілер Конституцияға сәйкес па, жоқ па Конституциялық сот соған ғана жауап береді», – деді «Әділдік жолы» ҚБ қалалық филиалының директоры Бауыржан Мақұлбаев.

Биыл жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдануы мүмкін. Заң жобасы әлі Парламентте талқыланып жатыр. Ал шілдеде Әлеуметтік кодекс қабылданады деп күтілуде. Кодекс әлеуметтік қатерге ұшырағандардың мемлекет тарапынан өмір бойына көмек алуына жол ашады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің табысы мен шығыны арасындағы айырмашылық бақылауға алынады. Алайда бұл заң 2027 жылы күшіне енеді деп жоспарланған.