Елімізде ұлттық геологиялық қызмет құрылады

Елімізде ұлттық геологиялық қызмет құрылады
Сурет: ortalyq.kz

«Қазгеоақпарат» және «Қазгеология» мекемелерін біріктіру арқылы Ұлттық геологиялық қызмет құрылады.

Бұл жайында «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы» ЖШС бас директоры Жанат Кәрібаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Бүгінде жарғылық капиталына 100 пайыз мемлекет иелік еткен «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы» ЖШС-ні «ҚР Ұлттық геологиялық қызметі» акционерлік қоғамы етіп қайта құруды ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Келесі кезеңде оған «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ-ны қосу жоспарланған», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның сөзінше, «Қазгеоақпарат» РГАО» ЖШС мен «Қазгеология» АҚ-ны біріктіру шешімі Ұлыбритания, Канада, Финляндия сияқты елдердің геологиядағы тәжірибесін ескере отырып қабылданған.

Сондай-ақ Жанат Кәрібаев Ұлттық геология қызметінің негізгі жұмыс бағыттарын атады. Олар: - жер қойнауын ұтымды пайдалану және минералдық-шикізат базасын молайту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

- жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізуді ғылыми негіздеу мақсатында елдің бейіндік жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау;

- пайдалы қазбалардың қиын алынатын қорларын игеру үшін озық технологияларды қолдану, цифрландыру, геоақпараттық жүйелер және ірі табысты компаниялармен тәжірибе алмасу;

- геология саласындағы бағдарламалар мен стратегияларды қалыптастыру;

- сервистік қызметтер;

- бастапқы геологиялық ақпараттың сақталуын қамтамасыз ететін Керн қоймасын қалыптастыру;

- халықаралық аккредитациясы бар зертханалар ашу;

- геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, жүйелеу және ұсыну үшін қорда сақтау;

- инвестициялық жобаларды әзірлеп, өмірге енгізу;

- мемлекеттік мониторинг;

- «Kaznedra» бірыңғай платформасында барлық бизнес-процестерді автоматтандыру.