Тыл бөлімшелерінің қызметі қорытындыланды

Тыл бөлімшелерінің қызметі қорытындыланды
Сурет: gov.kz

Алматыда тылдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету құрамалары мен бөлімдері командирлерінің орынбасарларымен үш күндік оқу-әдістемелік жиын өтті. 

Жиын Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу полигонында және Ұлттық ұланның жауынгерлік және әдістемелік даярлық орталығында ұйымдастырылды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. Шара барысында дәрістер оқылып, іс жүзіндегі сабақтар өтті және дене шынықтыру сынақтары тапсырылды. 

 «Әли» оқу-жаттығу полигонында тыл элементтерін өрістете отырып, далалық жағдайда материалдық қамтамасыз ету ротасының арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардың тыл мамандары арасында өзара іс-қимылдың ұйымдастырылуына, құжаттардың дұрыс ресімделуіне назар аударылды.

 

Құрлық әскерлерінің әскери институтында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов жиынға қатысушылармен кездесіп, жеке құрамға Қарулы күштердің тылын дамытудың негізгі бағыттарын жеткізді. 

– Тылдық қамтамасыз ету жүйесін орталықсыздандыру шеңберінде өңірлік қағидатты негізге алу туралы шешім қабылданды. Тыл қызметін осылай ұйымдастырудың өзіндік артықшылықтары бөлімшелердің қажеттіліктері мен талап-тілектерін білуде, қызметтің жедел орындалуында айқын көрінеді, – деп атап өтті министрдің орынбасары.

Жиын Қарулы күштердің Тыл бастығы полковник Арман Мансұровтың басшылығымен Қарулы күштер түрлері бас қолбасшыларының орынбасарларын, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының тыл жөніндегі орынбасарларының қатысуымен өтті. 

Полковник Арман Мансұров жедел, жұмылдыру және жауынгерлік даярлық іс-шараларының тылдық қамтамасыз етілуін қорытындылады.

Құрлық әскерлері әскери институтының базасында дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда тылды қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланып, қызметті ұйымдастыруды жақсарту жөнінде ұсыныстар да сөз болды. 

Тылдық қамтамасыз ету кафедрасының курсанттарына тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды. Далалық наубайханада азық-түлікті бақылау жүргізіліп, нан пісірілді. Ас мәзірін жасау, тағам дайындау сапасын тексеру және бағалау тәртібі нақтыланды. Монша-кір жуу комбинатының жұмысы да көрсетілді. Қоймалар мен бөлімшелерде материалдық құралдарды сақтау, жанар-жағармай материалдарын есепке алу қағидалары, сондай-ақ ротаның шаруашылық жүргізу тәртібі түсіндірілді.

Оқу-әдістемелік жиынға Құрлық әскерлері әскери институтының тылдық қамтамасыз ету кафедрасының жүзден астам бөлім командирлерінің орынбасарлары мен жүздің үстінде курсанттар қатысты, 20-дан аса әскери және арнайы техника жұмылдырылды. 

Аталмыш шара офицерлердің кәсіби даярлық деңгейін, тыл бөлімшелерінің үйлесімділігін арттыруға бағытталған.