Талапкерлер тестілеуден онлайн өте алады

Талапкерлер тестілеуден онлайн өте алады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Ұлттық тестілеу орталығы байқау сынақтарын іске қосты

Тестілеу онлайн форматта орталықтың сайтында жүзеге асады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Байқау сынағы оқуға түсушілерге ҰБТ-ға дайындалуға көмек ретінде әзірленді.

Талапкерлерге ҰТО сайтында app.testcenter.kz сілтемесі бойынша онлайн тестілеуден өту мүмкіндігі беріледі.

Еске салайық, 2024 жылғы ҰБТ-да пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтсек, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады.

"Осы өзгерістерді есепке ала отырып, біз жаттықтандыру тестін іске қостық. Қазір талапкерлер үшін байқау сынағының бір нұсқасы қолжетімді, жақын арада тағы да бірнеше нұсқа қосылады. Сонымен қатар оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған әдебиеттер тізімі мен тест жоспары; "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; "Информатика" пәнінен терминдер тізімі; "Қазақ әдебиеті" және "Орыс әдебиеті" бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды. Дайындық сапасын жақсарту үшін осы және басқа да қабылданған шаралар түлектерімізге ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетуге көмектеседі деп үміттенеміз", – деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.