Тағы бір қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталды

Тағы бір қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталды
Сурет: Aqmeshit-zhastary.kz

«Hit beat music» атты қаржы пирамидасы анықталды. 

Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Hit beat music деп аталатын қаржы пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ulysmedia.kz cайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, күдікті жарнамалық шоу-презентация өткізу кезінде ұсталды.

«Hit beat music (HBM Group) инвестиция саласындағы ақпараттық-талдамалық компания ретінде жасырынып, өзінің заңсыз қызметін жүзеге асырған. Компания сенгіш азаматтарға тұрақты сыйақы алуға кепілдік беретін канадалық музыкалық инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсынды. Сонымен қатар, Hit beat music (HBM Group) Қазақстан аумағында заңды тұлға, өкілдік және филиал ретінде тіркелмеген, сондай-ақ ашық банктік шоты жоқ. Салымшылардың жарналары кіріс кассалық ордерлерін ресімдемей қолма-қол нысанда жүргізіледі. Тіркелген пайдаланушылардың жалпы саны 2300-ден асады», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта «Hit beat music» ұйымдастырушысы 2 айға қамалды.

ҚМА мен прокуратура органдары азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырды.