Тәтті сусындар адам ағзасына өте зиян

Тәтті сусындар адам ағзасына өте зиян
podacha-blud.com

Қазір елімізде қанты көп сусындарды тұтынудың салдарынан қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамыры аурулары көбейіп барады. Мәселен, тек қант диабетіне шалдыққандар соңғы бес жылда 31 пайызға өсіп, 400 мыңға жуықтады. Егер бұлай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай науқас саны 1 млн-нан асады деп болжап отыр мамандар.

Тәтті, газдалған, энергетикалық сусындар, шырындар мен салқындатылған тәтті шайларды көп тұтынудың салдарынан балалардың тісі шіріп, семіздік белең алып барады. Елдегі 6 млн баланың 3,2 пайызы семіздікке шалдыққан. Халықтың 20 пайызы артық салмақпен күресіп әлек. Соңғы 5 жылда жүрек-қан тамырлары ау­рулары 16 пайызға өскен. Денсаулық сақтау министрлігі салықты көбейтіп, қолжетімді тауарды қымбаттатқанда ғана тұтыну азаяды деген үмітте. Сол себепті, «Дені сау ұлт» бағ­дарламасы аясында 2025 жылға дейін салықты 45 пайызға көтеруді ұсынып отыр.

Семіздікке ұшыратады

Қазір көшеге шықсаңыз, екінің бірінің қолынан кока-кола немесе газдалған сусын көресіз. Олардың жарнамалары да самсап тұр. Бірақ олардың ағзаға тигізер зиянына көпшілік мән бермейді.

Газдалған сусындардың көбінің құрамында калория бар. Кало­риясы, соның ішінде қант құрамы жоғары тағам және сусын өнімдері салмақтың артуына, семіздікке ұшыратады. Коланың бір құтысы жарты келі салмақ қосуға сеп. Яғни газдалған сусындарды жиі пай­далану семіздікке душар етеді. Екіншіден, мұндай сусын тістеріңізді құртады.

Газдалған сусындардың құрамындағы көп мөлшердегі қант пен қышқылдар тіс эмалін бұзады. Әрі қарай басқа да тіс аурулары пайда болады. Үшіншіден, бұл бүйрекке де зақым келтіреді. Газды сусындардың құрамында фосфор қышқылы өте көп. Ол бүйректе тас жиналуға себепкер. Төртіншіден, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысына да кері әсер етеді. Яғни 1 құты газды тәтті сусын инфарк­тың пайда болу қаупін 20 пайызға арттырады.

Сондай-ақ, жүрек жұмысына, қан қысымына кері әсер етеді. Бесіншіден, фосфор қыш­қылы ағзадан кальций, магний, тағы басқа ағзаға қажетті минерал­дарды жуып тастайтындықтан, адамның сүйегі әлсіз, сынғыш келеді. Артрит, остеопорозға шалдығуы әбден мүмкін. Алтыншыдан, газды сулардың құрамында бисфенол-А деген компонент болады. Ол обыр ауруларының пайда болуына басты себепші. Сонымен қатар, репро­дуктивті функцияның бұзылуына апарып соғады.

Бұрынғы лимонадқа жетпейді

Алматының көшелерінде әйгілі ертегі кейіпкерлерін бейнелейтін жарнама қаптап кетті. Көрсеқұмар бала дүкенге барса, сүйікті кейіп­кері құшақтаған тәтті суға жармассын дегені. Бірақ осы жарнаманы көрген сайын балалық шағы кеңес дәуірінде өткендер қоңыр шөл­мектегі 10 теңгелік лимонадты тамсана еске алады. Шынын айту керек, ол кездегі тәтті суды қазіргісімен салыстыра алмайсың. Дәмі де, құрамы да басқа. Сақтау мерзімі жеті күннен аспайтын. Шыны шөлмек деген келмеске кеткен. Ал бұрынғы лимонадты шығарайын десе, отандық компаниялар сусын дәмін қалпына келтіре алмай жүр. Мамандардың пікірінше, бұл нарық әлі толық дамымаған. Егер келе­шекте маркетингін дұрыс ұйымдастыра алса, жаңа ойыншы кәсібін дөңгелетіп әкетер еді.

Кезінде октябряттар мен пионерлердің сүйікті сусынына айнал­ған лимонадты келе-келе капиталистік сусындар – пепси мен кола алмастырды. Сарапшылардың пікірінше, осы екі сусын отандық нарықтың 65 пайызын бөліп алған көрінеді. Мұндай нәтижеге трансұлттық корпорациялардың маркетингтік құрылымдарының көп жылдық тәжірибесі ықпал еткенге ұқсайды.

Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі алкогольсіз сусындар на­рығы – экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бөліктерінің бірі. Сусын саудасы қыста да тұралап қалмайды. Түрі де көп. Газды сусын нарығы жылына 1,300 млн литр деп бағаланып, жыл сайын шамамен 5 пайызға өсіп келеді. Тұтынушы кез келгенін дәміне қарай, бояуы бар, бояуы жоқ, дәрумені мен минералы бар деп таңдай алады. Одан басқа нарықта функционалдық-энергетикалық, спорттық, т.с.с. сусындар пайда болған.

Ерте қартаюға әкеліп соғады

Бұл пікірді Қазақ тағамтану академиясының қызметкерлері де құптайды. Олардың айтуынша, бұл сусын адамды алкоголь мен есірткі секілді өзіне тәуелді етеді. Тіпті бұл ғылыми түрде дәлелден­ген. Оның құрамында кофеин, эфедрин, адреналин мен никотин қышқылы, басқа да синтетикалық қоспалар асқазанда жара пайда болуына, жүрек-қан тамырларының тарылып, жүйкенің жансызда­нуына, бүйрек жұмысының бұзылып, мидың әлсіреуіне әкеліп соға­ды екен.

Сонымен қатар, ағзадағы өмір бойына жететін энергия мен күш- қуатты тез арада сыртқа айдап шығаруға бағытталған сусын адамның күш-қуатын сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады. Сондықтан Қазақ тағамтану академиясының мамандары энергетикалық сусындардың бір бөлігін дәріханаларда және керек болған жағдайда ғана белгілі бір мөлшермен сату керек деп есеп­тейді.

Қалай десек те, бұл сусындардың қауіпті екендігін дәрігерлер баса айтып отыр. Енді халықтың өзі осыдан тиісті қорытынды шығарса дұрыс-ақ болар еді. Себебі, сусын­ның тым уыттылығы, шектен тыс газдалуы жас ұрпақтың өмірін қасіретке бастайды. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Өз-өз­деріңді өлтіруші болмаңдар, расында, Алла сендерге мейірімді» деген. Тіпті Имам Ибн Хәзм (р.а): «Денсаулыққа зияны тимейтін нәрселерді жеуге рұқсат етіледі, ал денсау­лыққа зияны тиетін нәрселерді ішіп-жеуге тыйым салынады!» деген. Ендеше, адам денсаулығы қоғам үшін де, ел үшін де, тіпті тіпті әр адам үшін де өте маңызды. Ол Алла­ның адамзатқа берген зор аманаты. Ал аманатқа қиянат жасамау барша мұсылман­ның парызы екендігін еш ұмытпауымыз керек.

Тақырыпқа орай

 Бақытжан ҚАЛМАХАНҰЛЫ,  қала тұрғыны:  Бұған тыйым салу үшін кешенді шаралар  ұйымдастыру қажет

- Біз шетелдіктердің экспери­мент жасайтын орталығына айна­лып кеткен жоқпыз ба деген ой туады кейде. Газдалған, энергетика­лық сусындар, түрлі жеңіл есірткі­лер, алкоголь, темекі, қару-жарақ, интернет, еліктіретін құмар ойын­дардың қаптауы – барлығы солар­дың жасаған әрекеті тәрізді. Олар мұны әдейі жасай ма деген күдік те жоқ емес. Олар адамдардың саясат­пен айналыспауы үшін тек күнкөріс қамымен жүргізіп, түрлі ауруларды қолдан таратады. Әлгі СПИД, құс, шошқа тұмауы деген секілді ауру­ларды, сонымен қатар газдалған тәтті, энергетикалық сусындар, жеңіл есірткілер сол шетелдің зерт­ханаларында шығады. Оның үстіне, мұнда сол сусындардан үлкен пайда тауып отырған магнаттар бар. Оларға улы сусындарды таратуға шектеу қою тиімді емес. Сондық­тан бұған тыйым салу үшін жан- жақты кешенді шаралар ұйымдас­тыруымыз керек.

Маман кеңесі

Гүлжан АМАНОВА, балалар дәрігері: Энергетикалық  сусындар белсіздікке  ұшыратады

Энергетикалық сусындар адам ағзасына өте қауіпті. Оны күн­делікті пайдалануға болмайды. Егер адам оны жиі қолданса, оның жүйке жүйесінің қызметіне нұқсан келті­реді. Тіпті оны сырамен бірге ішсе, адамды бірден мас қылады. «Бұл су­сындар бастапқыда спортпен шұ­ғылданатын адамдарға белгілі бір күш-жігер қажет болғанда қолдану­ға ұсынылған болатын. Алайда, қазір мұны жастар да, мектеп оқушыла­ры да жиі пайдаланып отыр. Энер­гетикалық сусындарды жиі пайдала­натын мектеп жасындағы балаларды тексеріп көретін болсақ, олардың бауыры 35 жастағы маскү­немнің бауырымен бірдей болып тұ­рады. Бұл улағыш сұйықтықты ба­лалар көп ішсе, жастайынан түрлі ауруларға шалдыққыш болады. Жү­рек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке ұласады.

Сондықтан мұндай сусындарды аяғы ауыр келіншектерге, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек-қан тамыр­лары ауруларымен ауыратын адам­дарға мүлдем пайдалануға болмайды. Тіпті, оны жастардың өзі көп ішсе, оның арты белсіздікке әкеп соқты­руы мүмкін. Сондықтан ұрпақ бола­шағын, ұлт келешегін ойласақ, мұн­дай сусындардың таралуына мүлдем тыйым салуымыз керек.