«Сұлу мен Құбыжық»

«Сұлу мен Құбыжық»
Суреттерді түсірген - Самат

балақайлардың алғашқы қадамы

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында Шарль Пероның «Сұлу мен Құбыжық» мюзиклі сахналанды. Қойылымда Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің 3 «в» сыныбының оқушылары өнер көрсетті. Олардың актерлік шеберлігіне көрермендер де тәнті болды. Спектакль премьерасында Қазақстанның халық әртісі, театр және кинорежиссер, кинодраматург Талғат Теменов өте жоғары  бағасын берді.

«Мектеп оқушыларына биден сабақ беремін. Дегенмен, екінші мамандығым режиссерлік. Бірақ осы уақытқа дейін үлкен сахналарда қойылым қойған емеспін. Осы сыныптың өнерлі екендігін былтыр байқағанмын. 20 оқушының әрқайсысы жеке-дара өнерлі. Осылайша балақайлардың өнерін ұштастыра отырып, «Сұлу мен Құбыжық» қойылымын сахналадық. Спектакльге дайындалуға 4 ай уақытымыз кетті. Бұл спектакль оқушыларға да, маған да өнердегі қадамымыз болды. Қарап отырсақ, балаларға арналған қазақтілді қойылымдардың саны өте аз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдағы уақыттарда тағы да қойылымдарды ұсынбақпыз», – дейді қоюшы-режиссер Азат Даутов.

Өздері кішкентай болса да ойлары жүрік балақайлар әндерін мүдірмей, билерін тамаша орындап шықты. Көрермендер оқушылардың өнеріне тамсанып, ерекше ілтипатын білдірді. Ұйымдастырушылар балаларға қолдау білдірген Ғ.Мүсірепов театрына алғыс айтты.

«Былтыр «Буратино» қойылымын сахналаған еді. Мен олардың өнерін сол кезден байқай бастадым. Осылайша Азатпен бірігіп спектакль қоюды ұйымдастырдық. Ата-аналарының да қолдауы болды. Балақайлардың зеректілігі сонша, 1 айдың ішінде сөздерді жаттап алды. Актерлік пен сабақтарын да қатар алып жүрді. Бұл қойылым ән мен бидің ұштасқан коллаборациясы десем, артық айтпағаным. Балалардың тілі анық, өз рөлдерін жақсы алып шықты деп айта аламын. Балалардың барлығы да талантты, өнерлі. Барлығы біздің мектептегі актерлік сахнада тәлім алады. Қойылымның аудармасын, сөзін өзіміз жаздық. Спектакльдегі әндерді балалар өз даусымен шырқады. Киімдерін ата-аналар өз қалталарынан көтерді. Біздің мектептің атынан шыққан өнерлі сынып деп мақтанып айта аламын»,– дейді ұйымдастырушы, вокал бойынша жетекші Насиха Гумарова.

Көрермен әрбір кейіпкерден өзгеше күш пен таңқаларлық қабілетті байқай келе, олардың бір ғана мақсатқа – жақсылық пен әділдікке үндейтін арман-тілегін сезінуге мүмкіндік алады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, оқушылардың орындауындағы спектакльдер алдағы уақытта үлкен сахналарда да қойылмақ. Оқиға желісі мен кейіпкерлер іс-әрекетін саралау барысында жас жеткіншек жақсы мен жаманның аражігін ажыратып, өзіндік пікір қалыптастырып үйренеді деген үміттеміз.