Судың сұрауы – қымбат...

Судың сұрауы – қымбат...
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтының бүгінгі лентасына шолу – күн керуені

Алматыда дәстүрлі Digital форум

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтеді. Қалалық  полиция департаменті осыған байланысты 1-2 ақпан күндері жол шектеулері болуы ықтимал екенін ескертті.

Шектеу қойылуы мүмкін аймақтар:

- 1 ақпанда Әл-Фараби даңғылы, ШААЖ, Құлжа тас жолы, Саин, Шаляпин, Майлин, Бұқтырма көшелерінің аймағында түзетулер болуы мүмкін.

- 2 ақпан – Әл-Фараби, Сейфуллин даңғылдары, Саин, Жароков, Шаляпин көшелерінде.

Педофилдер өмірлік жазаға кесілуі мүмкін

Мәжіліс депутаттары бұл туралы жаңа заң жобасын әзірледі. Депутаттар  "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарайды.

4 облыста көлік қозғалысы шектелді

Себеп – ауа-райының қолайсыздығы.

2024 жылғы 31 қаңтардағы мәлімет бойынша, ауа-райының қолайсыздығына байланысты 4 облыста республикалық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді.

Аспанның билігі...

Еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, 22 әуежай шетелдік инвесторларға берілуі мүмкін.

"Азаматтық авиация саласын дамыту және континенттік транзиттік хаб құру үшін инвесторларға отандық 22 әуежайды басқаруға беру жоспарланған", - деді министр.

Судың сұрауы...

Биыл су бағасы қымбаттайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі  Әлібек Куантыров мәлімдеді.

«Су тарифі өте арзан. Литріне – 4 тиын. Әрине, біз суды ұқыпты пайдаланбаймыз. Егер сіз қоғамдық моншаға барсаңыз, ағыл-тегіл аққан суды көресіз. Осының өзі біздің суды дұрыс пайдаланбайтынымызды айғақтайды. Ал су дегеніңіз – тіршілік көзі. Бүгін Су қоры министрі елімізде су тапшылығы орын алуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан суды үнемдеуге тиістіміз», – деді Ә.Қуантыров.

Қазақстан танкер флотын кеңейтті

Мемлекет басшысымен кездескен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев компанияның 2023 жылғы операциялық және қаржылық қызметінің қорытындысы туралы есеп берді. Берілген мәліметтерге сәйкес, былтыр "ҚазМұнайГаз" 2022 жылмен салыстырғанда негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізген.

Алаштың Асанәлісі

Айтулы актер Әшімов жеке заттарын архивке тапсырды. Онда өнер иесінің өзінің қолжазбалары, ордендері және өзге де заттары бар. Осыған орай Алматыдағы мемлекеттік архивте «Кино және театр тарланы – Асанәлі» музей-бұрышы ашылды. Құжаттар саны 200-ден асады. Кез келген қала тұрғындары мен қонақтары архивтегі заттарды алдын-ала өтінім беру арқылы көре алады.

Өзағаңмен отыз күн...

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары екі ел аумағында 30 күн тіркеусіз жүре алады. Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға 2022 жылы 22 желтоқсанда Ташкент қаласында қол қойылған болатын.

Жаңа құжат екі ел азаматтарының Қазақстан мен Өзбекстан аумағында болуы үшін қолайлы жағдай жасайды, бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстың, іскерлік және мәдени тәжірибе алмасудың одан әрі дамуына ықпал етеді.