Су тасқыны туралы тәулік сайын есеп беру тапсырылды

Су тасқыны туралы тәулік сайын есеп беру тапсырылды
gov.kz

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің, жекелеген өңірлер әкімдерінің баяндамаларын тыңдады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Үкімет басшысына қар мен мұздың күрт еруіне байланысты және су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында өңірлерде қалыптасып отырған ахуал туралы баяндалды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жұмыстарға жеке құрамнан 2500 адам, 700-ге жуық техника, 290-нан астам су айдау және жүзу құралдары жұмылдырылған. Жұмыстар іс-қимыл алгоритміне сәйкес жүргізілуде. «Жедел желі» телефондары: ТЖМ 8 717 2 70 41 14, сонымен қатар өңірлік байланыс орталықтары жұмысын жалғастыруда.

Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Абай, Ұлытау облыстарында және Астана қаласында республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.

Төтенше жағдайлар министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, су тасқынына қарсы жұмыстарды жалғастыру және елдегі ахуал туралы тәулік сайын есеп беру тапсырылды.