Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы – NATO біз ойлағандай қауіпті ме?

Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы – NATO біз ойлағандай қауіпті ме?
rtvslo.si

Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы 1949 жылы 4 сәуірде құрылған. Бәрімізге NATO деген атаумен таныс. NATO дегенде Кеңес Үкіметінің идеологиясы айтып келген жалған пікірлер ойға келеді. Жалған пікірлер, яғни стереотиптердің астарында қорқыныш пен үрей жатыр. Капиталистік елдердің өктемдігі, өзге әлемге, оның ішінде коммунистік елдерге төнетін қауіп осындай стереотиптерге жатады. Стереотипті ойлау түрлі конфликтілерге жетелейтін бірден-бір себеп. Сондықтан оларды уақытында сейілтіп отыру қажет.

ЕКІ ДЕРЖАВА, ЕКІ ИДЕОЛОГИЯ

Конфликтолог ғалымдар дау-жанжалдар­дың туындауына «қауіп» себепші болады дейді. Яғни оған қатысушылардың бірі өзге­ден қауіпті сезген кезде жанжалға түседі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемде қалыптасқан екіполюсті жүйені зерттегенде осыны ескеру қажет.

Соғыстан соң әлем екіге бөлінді. Бірі АҚШ бастаған капиталистік елдер болса, екінші тарап КСРО бастаған социалистік ел­дер. Екі блок ашық әскери жанжалға түспеген. Мұндай жағдайды «суық соғыс», «қырғиқа­бақ соғыс» деп те атайды. Соғыс әрекеттері идеологиялық, ақпараттық үгіт-насихат арқы­лы жүрді. Сол кезде NATO қауіпті ұйым деген стереотип қалыптасты. Бұл пікір бойынша ол социалистік елдерге қарсы құрылған ұйым дейді. Алайда, NATO-ның мақсаты – ұйым мүшелерінің еркіндігі мен қауіпсіздігін саяси және әскери жолмен қамтамыз ету. Бұл ресми құжаттарда бекітілген.

Посткеңестік кеңістікте мұндай көзқарас әлі күнге дейін кең тараған. Шындығында, КСРО бастама көтерген Варшава шарты ұйы­мы 1955 жылы өмірге келді. Яғни NATO-дан кейін құрылған. Демек, керісінше бұл NATO- ның құрылуына жауап болды. Wikipedia анықтамасы да ұйымды қауіп ретінде есеп­тейтін пікірмен жазылған. Онда ұйым ке­ңестік экспансиядан қорғану үшін құрылған дейді.

Сөзсіз NATO-ның әскери-саяси ұйым екені рас. Алайда, әскери және саяси меха­низмдер мақсатқа жету құралы ғана. Яғни әлемге әскери-саяси сес көрсету олардың басты мақсаты емес. Керісінше, басты мақса­ты ұйым мүшелерінің еркін әрі қауіпсіз бо­луын қамтамасыз ету.

ҰЙЫМ ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕ МЕ?

Біз күнделікті өмірде NATO ұлғайып ке­леді деген сөзді жиі естиміз, ақпарат көздері­нен көреміз және оқимыз. Алайда, мұқият сараптайтын болсақ, мұның да стереотип екеніне көзіміз жетеді.

Шынында да, мүшелерінің саны жағынан ұйым ұлғайып келеді. 1949 жылы алғаш құ­рылған кезде 12 мемлекет болған. Оларға АҚШ, Франция, Бірлескен Корольдік (Ұлыб­ритация), Бельгия, Дания, Исландия, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланды, Норвегия, Португалия жатады. Бертін келе жаңа мүше­лер қосылды. 1952 жылы Түркия мен Греция, 1955 жылы Германия, 1982 жылы Испания мүше атанды.

1999 және 2004 жылдары мүшелер саны кенет өсті. Алғашқы жылы Венгрия, Польша, Чехия ұйым құрамына енсе, кейін Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Слове­ния, Эстония мемлекеттері толыққанды мүше болды. Албания мен Хорватия 2009-да, Черногория 2017-де, Солтүстік Македония 2020-да, ал Финляндия биыл мүше атанды.

Осылайша бүгінде ұйымның 31 мүшесі бар. Швецияның да ұйымға қосылу үрдісі басталды. Ұйым мүшелері артып, толысып келеді. Алайда, бұл қауіп емес. Оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, ресми құжаттарда NATO келісімнің қағидаларын мойындайтын кез келген еуропалық мемлекетке ашық делін­ген. Сондықтан құқықтық тұрғыдан дәл қазір ұйымның әлемге тарауы екіталай. Осы күнге дейін Еуропалық елдердің үлесінен кеңейді.

Екіншіден, «ұжымдық қорғаныс» қағида­сы ұйымға кірмейтін мемлекеттерге сес көрсету үшін емес, қорғану мақсатында қа­былданған. Бұл қағида бойынша ұйымның бір мүшесіне жасалған шабуыл тұтас ұйымға қарсы жасалған шабуыл деп қабылданады. NATO-ның ұзақ жылғы тарихында бұл қағи­да бір рет қана қолданылған. Ол да болса 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-да жасал­ған террористік шабуылдан кейін.

Үшіншіден, кеңею ұйымның мақсаты емес. Жалпы әскери-саяси ұйым құрылған­нан бері үш кезеңді басынан өткерді. Ол «суық соғыс» (1949–1991 ж.ж.), Еуропаның қосылуы (1991–2001 ж.ж.), Халықаралық терроризм кезеңі (2001 ж. 11 қыркүйегінен соң). Сарапшылар 2022 жылдан бастап төртінші кезең басталды деген пікірде. Се­бебі, 5 маусымда Мадридтегі кездесуде Стра­тегиялық Концепция қабылданды. Онда «360 градус» тәсілі қабылданды. Оның үш міндеті бар: тежеу және қорғаныс, дағдарыстардың алдын алу және реттеу; ынтымақтастыққа негізделген қауіпсіздік. Сонымен қатар, құ­жатта ұйымның қорғанушы болып қала бе­ретіні жазылған.

КІМ БАСШЫ, КІМ ҚОСШЫ?

Жалпы қатып қалған қоғамдық ойда NATO ұймында АҚШ басшы да, қалған мемлекеттер соның етегінде жүреді деген көзқарас қалыптасқан. Бұл стереотип та посткеңестік кеңістік елдеріне тән жаңсақ пікір. Шындығында, бұл ұйымды құруға еуропалық елдер бастама көтерген. 1948 жылы «Брюссель пакті» қабылданды. Оған Бельгия, Біріккен Корольдік, Люксембург, Нидерланды және Франция бастамашыл болды.

Екіншіден, келісім-шарттың басты қағи­дасы шешім қабылдаудағы консенсус. Яғни барлық мүше елдерге тиімді болмайынша шешім қабылданбайды. Бұл қағида ұйымның барлық құрылымдарында қолданылады. Әр мүше мемлекеттің өз құқығы қорғалады. Бұл қағида саяси ықпал мен қаржыландыру дең­гейіне тәуелді емес.