Болашақ әлем бейнесі қандай болады?

Болашақ әлем бейнесі қандай болады?
phonoteka.org

Әлем поляризация үдерісін бастан кешіп отыр. Көп жағдайда біз әлемнің саяси поляризациясына (саяси үйектену) көбірек көз жүгіртеміз. Ал турасында бұл үрдіс құндылықтар арасындағы бөліністен келіп шыққандай. «Бұның соңы немен аяқталады?» деген сұрақ «Болашақ әлемнің бет-бейнесі қандай болады?» дегенмен бірдей. Олай дейтініміз, ұзақ уақыттан бері орныққан құндылықтар арасында үлкен талас-тартыс ашыққа шықты. Нақтырақ айтқанда, либерал демократия құндылығына қатысты күмәндар мен сұрақтар қайта көтерілді. Бұны либерал демократия діни, дәстүрлі және нәсілдік құндылықтарға қатысты қатаң сынақтарға тап болды десек, түсінікті болар.

АДАМЗАТ ДЕМОКРАТИЯНЫ ҚАЙТА ТАРАЗЫЛАП ЖАТЫР...

Өткен ғасырда әлем социа­листік және капиталистік екі ла­герьдің бәсекесін өткерген болса, бүгін демократия мен авторитарлы әлем арасындағы тартыстың сахна­сын көріп тұрмыз. Кейбір сарап­шылар бұны жоққа шығарғысы ке­леді, алайда болып жатқан барлық геосаяси тартыстың түбі осы мәсе­леге саяды. Жасырары жоқ, форма­сы ұқсамағанымен бұл құндылық­тар шайқасы біздің қоғамда да болып жатыр. Біз әлемнен оқшау қоғам еме спіз, әрі ауқымды үрдістің ішіндеміз. Оның үстіне, Қазақстан өзінің даму тарихында­ғы жаңа бір кезеңге аяқ басып, жаңа бағдарын айқындап жатқан мемлекет. Сондықтан әлемдегі күр­делі процеске көз салып, шартарап­тың шарпысқан ой-ұстанымдарын шамамызша саралап отыруға мін­деттіміз.

Бәрімізге белгілі, Кеңес Одағы­ның ыдырауы Батыс әлемінде, кей жағдайда посткеңестік елдерде де либералдық демократияның авто­рит арлы коммунизмді жеңуі есебінде бағаланған. Содан бергі дәуірде либерал-демократия басым көп адамдардың сапалы өмір сү­руінің өлшемі ретінде қаралды. Дамудың ең негізгі қозғаушы күші – жеке адамдардың құқығы мен бостандығына басымдық беру. Либерализм мен демократияның міне осы құндылығы Батыс әлемінің, оған ұқсас Жапония, Оң­түстік Корея сынды елдердің даму­дағы моторы деп танылды.

Олай болса, алып авторитарлық жүйенің құлауы, либерал-демокра­тияның шартсыз жеңісі бола алды ма? 30 жылдан астам уақыт өткен­де әлем осы сұраққа қайта айналып келгендей. Шын мәнінде олай бол­мағанын қазіргі жағдай растай түсті. Мүлде қарама-қайшы құнды­лықты ұстанушы және оны дәріп­теуші алып режим жоқ, сонда да либерал-демократия әлемге толық орнығып кете алмады. Тіпті, қазір оның алдынан діни немесе дәс­түрлі құндылықтар қатаң сынақ ретінде пайда болды. Жақында гректің Афины қаласында өткен «Демократия форумында» сарап­шылар «демократия әлі жеңіске жетпегенін» мойындады. Форумда­ғы көптеген саясаттанушылардың, экономистердің және әлеметтану­шылардың пікірлерін ортақтастыр­сақ, әлем қазір жаңа әрі ортақ құн­дылықты іздеудің бастапқы кезеңінде тұр. Бұл сөз болашақ құндылық енді демократия болмай­ды деген сөз емес. Керісінше, ол жаңа қарсыластарымен тағы бір майдандасып жатыр дегенді білді­реді.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ОЙ АҒЫНДАРЫ

Қарама-қайшылық неде? Бір сөзбен айтқанда, бір қауым жұрт либерал-демократия адамзат ортақ құндылығына саяды әрі бұл даму­ды қамтамасыз етеді десе, бір тарап онымен келіспейді. Авторитарлы әлем ұжымдық сана және қатаң бақылау режимі арқылы да ке­дейлікті жойып, бейбіт қоғам орна­туға, тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге, барлық азамат­тарды игілікке жеткізуге болады деп санайды. Ал олардың жеке құ­қығы, бостандығы әлеуметтік ор­тақ игіліктің ішінде жатыр деп көрсетеді.

Мұндай ұстанымның басында тұрған елдің бірі – шығыс көршіміз. Қазір бұл ел халықаралық ережені қайта құруды батыл алға тартуда. Бұл шепте оның жақтастары да жоқ емес. Қытай өзінің шығысындағы Оңтүстік Корея мен Жапонияны «Азиядағы батыстанған ел» деп санайтыны байқалады. Қытайлық көзқараста Жапония мен Корея керісінше Қытаймен жақындасып, үш елге ортақ шығыстық құнды­лықты дамыту арқылы әлемге оң әсер етуі тиіс деп санайды.

Болашақ әлем экономикасына локомотив болғалы тұрған Оң­түстік Шығыс Азия елдері де жалпыадамзаттық құндылықтар­дан гөрі өңірлік құндылықтарды алға шығарғысы келеді. Бір кездері Сингапурды әлемдік дамудың ұш­пағына жеткізген Ли Куан Ю жеке құндылықтардан гөрі отбасылық, әлеуметтік құндылықтарға көбірек мән беретін шығыстық немесе кон­фуцийлік құндылық негіз етілуі керек дегенді де ұсынған. Тура осындай болмаса да бұған жақын ұстаным Филиппин, Малайзия, Үндістан сынды елдерде де кезде­седі. Олардың саяси ұстанымда­рында Батыста ортақ саналатын әмбебап құндылықтан гөрі өзіне тән шығыстық құндылықтарға ба­сымдық беріледі.

Орта Шығыста Иран, Сауд Ара­биясы немесе жалпы ислам әлемі адамның жеке құндылығына ба­сымдық беруге бейім емес. Бұған Африкадағы, Латын Америкасын­дағы және қазір Батыспен ашық қарсылыққа келген солтүстік көршіміз сынды елдерді қосыңыз. Міне, осы тарап пен батыстық де­мократия арасындағы ұстаным қайшылығы қазіргі мәдени жары­лысты көрсетеді. Ал саяси поляри­зация қайдан шықты десеңіз, өңірлік құндылықтарды дәріптеуші Қытай, Ресей сынды ірі елдер бас­тамашылық еткен БРИКС сынды ұйымдар арқылы өсіп шығуда. Соңғы басқосуында БРИКС Қытай, Ресей, Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африкаға қоса Орта Шы­ғыстан, Африкадан және Латын Америкасынан жаңа мүшелерді өзіне тартты. Бұл ұйым алдағы уа­қытта жер халқының жартысынан көбін қамтыған, жаһандық эконо­миканың ауқымды бөлігін ұстай­тын ұйымға айналады. Дегенмен, ішкі жағында да ортақ құндылығы жоқ. Айталық, бірі авторитария, бірі монархия, бірі теократия де­гендей түрлі жүйелерге бөлінген.

ДАҒДАРЫС ШЫҒАР ЖОЛДЫ ӨЗІ ҰСЫНАДЫ

Әлемнің бұл бет-бейнесі Екінші жаһан соғысынан кейінгі ең ауыр дағдарысты елестетеді. Ең қиыны, халықаралық қауымдас­тыққа қатер төніп тұр. АҚШ геге­мониясы қатаң сынға қалды, әрі ол белгілеген ережелерді қиратқысы келетін жаңа күштер пайда болды. Барлық тарап қолынан келгенше халықаралық қауымдастықты дәр­менсіз деп сынайды. Бірақ халықаралық қауымдастықтың болуы­ның өзі қазіргі бейбітшіліктің маңызды кепілі. БҰҰ-ның алғашқы бас хатшыларының бірі Даг Хам­мершельдің мынадай тамаша пікірі бар: «БҰҰ адамзатты ұжымаққа бастау үшін құрылмаған, ол адам­затты тозақтан құтқару үшін құ­рылған». Сол айтқандай, халықара­лық қауымдастық қазіргі жағдайды шешіп, ірі державаларды бір сөзге келтірмесе де, жаһандық қақтығыс­тың алдын алу рөлін атқарып тұр.

Осындайда Уинстон Чер­чилльдің сөзі еске түседі: «Демократия – нашар басқару формасы, бірақ одан жақсысы ойлап табыл­мады» деген еді ағылшын премь­ері. Адамзат тарихындағы барлық дағдарыстардың салдарынан қара­ғанда қазіргі аса күрделі шиеленіс шешуін өзі ұсынатындай. Екі реткі дүниежүзілік соғыстан кейін адам­зат ортақ бейбітшілік құру жолын­да құлшынғаны секілді, қазіргі қайшылық әлемді жаңа әрі даңғыл жол табуға мәжбүрлеуі мүмкін. Бұл әрине, позитивті тұрғыдан айтыл­ған болжам. Біз үшін жалпы үрдісті қалт жібермей қадағалаудың маңы­зы осыдан көрінеді.

«Аlmaty-akshamy» №119,7 қазан, 2023 жыл