Шымбұлақта 35 000 текше метр қар түсірілді

Шымбұлақта 35 000 текше метр қар түсірілді
Сурет: Алматы қалалық ТЖД

Бұл іс-шара "Қазгидрометтің" ұсынысымен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалды.

Алматыда «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің аумағында 35 000 текше метр қар массасы түсірілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «Шымбұлақ» ТШК-да «Avalanheur» пневматикалық қондырғысы арқылы «№26» және «Школьник» қар көшкінін жинау учаскелерінде қар массасының 7 алдын алу түсірілімі өткізілді.

«Бұл іс-шара "Қазгидрометтің" ұсынысымен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалды. «Шымбұлақ» ТШК аумағында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 35 000 текше метр қар массасы түсіріліп, қазіргі таңда осы учаскелердегі жағдайы тұрақты, қауіп төндірмейді»,- деп мәлімдеді қалалық ТЖД.

Қар массасын түсіруге «Шымбұлақ» ТШК қызметкерлері, Алматы қалалық ТЖД, «Қазселденқорғау», География институтының мамандары қатысты. Алдын алу жұмыстарын жүргізу барысында ешкім зардап шеккен жоқ. Айта кетейік, қазіргі уақытта Кіші және Үлкен Алматы өзен алаптарында қар көшкіні қаупіне автоматтандырылған мониторинг енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жүйе әрбір көшкін қаупі бар учаскелерге нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге және тауларда барынша дәл және тиімді қауіпсіздік шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазгидромет мәліметі бойынша таулы аудандарда жауын-шашынның түсуі және қар жамылғысының тұрақсыз жағдайы салдарынан қар көшкінінің өздігінен түсуі мүмкін. Осыған байланысты, Алматы қалалық ТЖД қар көшкінінің ықтимал түсуіне байланысты алматылықтарға тік қарлы беткейлерге шықпауды ескертті.