Шағалалыға жол ашылмақ

Шағалалыға жол ашылмақ
Сурет: Яндекс.Дзен

Туристік маршрут жаңғырмақ

Шағалалы аралына апаратын туристік маршрут ашылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Еліміздің батыс өңірі Атыраудағы «Ақжайық» табиғи резерватында туристік маршрут ашу жоспарланып отыр. Ол екі бағыттан тұрады.

Мектеп оқушылары мен жас натуралистер құрлықтағы табиғатты тамашаласа, ересек туристер су арналарын бойлай жүзіп, жыл бойы базары тарқамайтын Шағалалы аралына дейін бара алады.

«Біздің мақсатымыз – туризмді дамыта отырып, жойылып бара жатқан аң-құстарды сақтап қалу, көбейту. Мысалы, қарабай құсы қазіргі таңда сирек кездеседі. Жанат тәрізді иттерді де зерттеу барысында ғылыми қызметкерлер ғана кезіктіреді», - деді қорық маманы Балымгүл Ізмұқанова.

Ақжайық қорығының Жайық-Каспий бассейнінде құстардың күзгі миграциясы жүріп жатыр. Бұл кезең қараша айына дейін жалғасады. Қазір мұнда құстардың 290 -нан астам түрін кездестіруге болады.

Осы арадан топтасқан қанаттылар шеруі алыс аймақтарға жол тартады. Кейбірі қыстап та қалып жатады.