Шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева қазақстандықтарға алғыс айтты

Шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева қазақстандықтарға алғыс айтты
Сурет: Tengrinews.kz

Шахматтан блиц бойынша әйелдер арасында әлем чемпионы атанған отандасымыз Бибісара Асаубаева жеңістен кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Бір өзенге екінші мәрте түсе алмайсың деген сөз бар. Дегенмен ол өзен, ал бұл - шахматтан әлем чемпионаты. Оның үстіне чемпионат Отаным – Қазақстанда өтті. Чемпиондықты сақтап қалып, екінші рет шахматтан блиц бойынша әйелдер арасында әлем чемпионы атану – үлкен жауапкершілік. Менің қолымнан келді. Бұл жолы 13 саны жеңіс әкелді, мен осынша ұпай жинап, бірінші орынға ие болдым.

Менен «Жеңіске жетудің басты қағидасы не?» деп жиі сұрайды. Айтарым, бұл жерде бәрі маңызды. Дайындықтан бастап, психологиялық тұрғыдан әзір болу, жақындарым мен жанкүйерлердің қолдауына дейін», - деп жазды Бибісара Асаубаева Instagram парақшасында.

Шахматшы қыз бұл жолғы дайындықты ғарышқа сапарға әзірлікпен теңеді.

«Анам үздік жаттықтырушылармен дайындық ұйымдастырды. Күнделікті тыңғылықты дайындалдым, соңында... ауырып қалдым. Жарыс күндері ыстығым жоғары болды. Көңіл-күй түсті. Бірақ, анашым дер кезінде қолдау көрсетті. «Сара, бәрі ойдағыдай болады»,- деді анам. Айтқаны келді. Анам не айтады, расында, солай болады. Мен бақыттымын, шахматтан әлем чемпионатының Қазақстанда өткеніне қуаныштымын. «Алтынды» туған жерімде қалдырдым», - дейді әлем чемпионы.

Жас әлем чемпионы кезекті жеңісін ата-анасына арнайды.

«Маған сенім артқандарға алғысым шексіз. Мені қолдаған, жеңіске жетуде жігерлендірген барша қазақстандықтарға, шахматшылар мен жанкүйерлерге алғыс айтамын. Сіздерді құрметтеймін. Қолдаусыз қиынға түсер еді», - деді Бибісара Асаубаева.