Түрмедегі той

Түрмедегі той
Сурет ашық дерек көзінен алынды

Серік Күдебаевтың түрмедегі суретіне байланысты тергеу жүргізіледі

Алматы облыстық полиция департаментінің экс-басшысы, қаңтар оқиғасына байланысты сотталған Серік Күдебаевтың әлеуметтік желіде тараған Өскемендегі түрмеде түскен суретіне байланысты қызметтік тексеру басталады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Аталған суретке қатысты Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

"Қазіргі таңда сотталғандардың ұялы телефонды қолдану және бейнебақылау камерасының обьективін бүркемелеу фактісі бойынша қызметтік тергеу тағайындалды. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті жеке құрамның заңдылықты бұзу мәселесіне қатысты түбегейлі ұстанымға берік. Келіп түскен әр ақпарат тыңғылықты тексеріледі. Заңбұзушылық нақтыланған жағдайда қолданыстағы заңнама аясында шара қолданылады", делінген комитеттің ресми мәліметінде.

Сондай-ақ Серік Күдебаев пен басқалар жайғасқан дастархан үстінде тәртіпке қайшы келетін азық-түлік өнімі жоқ екені де нақтыланады.

"ІІМ бұйрығымен бекітілген ішкі тәртіп ережелері бойынша қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемедегі сотталғандар сырттан сәлемдеме ретінде немесе туысқандарымен кездескен кезде азық-түлік қабылдауға құқылы. Сондай-ақ олар арнайы бөлінген орында бос уақыттарында үйден келген тамақты тұтына алады. Бұл талап қылмыстық атқару жүйесіндегі мекемелердің барлық түріне ортақ. Алдын ала мәлімет бойынша, Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №22 мекемесінде сотталғандар туысқандарынан дайын тамақ қабылдап алған. Тексеру кезінде тыйым салынған азық-түлік өнімдері (алкоголь өнімдері) табылған жоқ", - делінген комитеттің баспасөз қызметінің хабарламасында.