Қызылорда облысында төрт ауылда әкім сайлауы өтті

Қызылорда облысында төрт ауылда әкім сайлауы өтті
Almaty-akshamy.kz

Саяси маңызды шара ҚР «Сайлау туралы конституциялық» Заңына сәйкес өткізіліп жатыр. Сағат 7.00-ден бастап Арал ауданының Жетес би, Қазалы ауданының Көларық, Қызылқұм, Бірлік ауылдарында орналасқан №16, 74, 78, 79, 80 сайлау учаскелері ашылды.

«Осы ауылдың тұрғыны ғана емес, жанашыр ақсақалы ретінде ауыл әкімдерінің сайлауына ерекше мән береміз. Президент бастамасымен ауыл әкімдерін тікелей сайлауға мүмкіндік туды. Дұрыс болды. Іскер, белсенді азаматтың ауыл әкімі болғанын қалаймыз. Сол үшін де таң сәріден ерте тұрып дауыс беруге асықтым», - дейді аралдық қария Ермек Ақмырзаев

Арал ауданы Жетес би ауылдық округінде 341 сайлаушы тіркелсе, Көларық ауылында 902, Қызылқұм округінде 737, Бірлік ауылында 395 сайлаушы бар.

Ауыл әкімі болуға ниетті барлығы 12 кандидат сайлауға түсті. Әрбір округте 3 азамат кандидат ретінде бақ сынап жатыр.

Еске салайық, жыл басынан бері Қызылорда өңірінде 17 ауылдың әкімі сайланды. Ал, жыл соңына дейін аймақта тағы 12 ауыл әкімінің сайлауы өткізіледі.