Сайлауда жастар белсенділігі жоғары

Сайлауда жастар белсенділігі жоғары
Суретті түсірген - Қайрат Қоныспаев

Бүгінгі сайлау бұрынғыдан өзгеше. Шымылдығы таңғы сағат 7.00-де ашылған сайлау алғаш рет бір минут үнсіздікпен, яғни қаза тапқан кеншілерді еске алумен басталды. 

Дәл қазір №36 гимназия аумағында екі сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Дауыс беруге келген тұрғындарға бәрі түсінікті болуы үшін жерде белгілер қойылған.

«Біз үшін әрбір тұрғын маңызды. Әсіресе, сайлауда зейнеткерлер белсенділік танытуда. Олар қашанда бәрімізге үлгі болуға дайын бұрынғының адамдары. Жас буын да келіп жатыр. Бұл біздің болашағымыздың сенімді қолда екенін білдіреді деп ойлаймын», - деді №86 сайлау учаскесінің төрағасы Серік Серкішбаев.

Осы сайлау учаскесіне көршілес орналасқан №90 сайлау учаскесінде де сайлаушыларды күтіп алып жатыр.

«Біз сайлауға шақыру қағазын барлығына жеке таратуға, қолдарына ұстатуға тырыстық. Сондықтан болар, сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Дауыс беруге аға буын, орта буын және жастар да көптеп келіп жатыр», - дейді №90 сайлау учаскесінің төрағасы Ақмарал Аксушкова.

Еске сала кетейік, дәл қазір Алматыда №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша шығып қалғанның орнына Алматы қаласы мәслихаты депутатын сайлау науқаны жүріп жатыр. Қалада барлығы 42 сайлау учаскесі ашылған.