Сайлау қалай өтті?

Сайлау қалай өтті?
almaty-akshamy.kz

Биыл 29 қазанда еліміздің біраз өңірінде сайлау өтті. Жергілікті халық мәслихат депутаттарын сайлады. 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткен еді. Сол уақыттан бері кейбір депутаттар түрлі себептермен өз мандаттарын тапсырған болатын. Ендеше, сайлау қорытындыларымен танысып өтсек.

 

Саяси партиялар сергек

29 қазанда еліміздің 11 өңірінде сайлау өтті. Абай, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, СҚО облыстарында және Алматы қаласында сайлауға келген халық өз таңдауын жасады. 21 сайлау округы бойынша мәслихат депутаттары сайланды. Барлығы 2 облыстық, 7 қалалық және 12 аудандық мәслихаттар.

Сайлауға 69 үміткер қатысты. Бір орынға орташа есеппен, үштен аса адам таласты. Ең үлкен бәсеке Алматы қаласында тіркелді. №4 сайлау округінде 6 үміткер қатысты. Жетісу облысында бәсеке төмен болды. Бір орынға 2 адам бәсекеге түсті.

Сайлау науқанында саяси партиялар белсенділік танытты. Сайланған 21 депутаттың 15-ін партиялар ұсынса, 6-ауы өзін-өзі ұсынғандар. Бұл жолы да «аманаттықтар» белсенділік танытты.

Жеңіске жеткен үміткерлердің 18-і ерлер және 3-еуі әйелдер. Бұл әлі күнге дейін гендерлік дисбаланс бар екенін көрсетеді.

 

Абсентеизм әлі бар...

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге құқылы азаматтардың 40,25%-ы сайлауға келген. Демек, сайлаушылардың жартысынан астамы электоралды кезеңнен тыс қалды деген сөз. 60%-ға жуық азамат(-ша) саяси науқанға қатыспады. Азаматтардың саяси өмірден тыс қалуын ғылымда абсентеизм дейді. Олардың не үшін сайлауға қатыспағаны бізге беймәлім. Әлеуметтік сауалнама жүргізбедік. Десе де, абсентеизмге бірнеше себеп болуы мүмкін.

  • Халықта әлі күнге дейін біз ешнәрсе шешпейміз деген көзқарас бар. Бұл – ең басты себеп. Екіншіден, бұл саяси таңдау болуы да мүмкін. Бұл жерде абсентеизм мен аскеттік өмірді бірге қарастырған жөн. Яғни кейбір азаматтар саяси өмірге саналы түрде араласпаймыз деп шешуі мүмкін. Абсентеизмге қарамастан сайлау өте береді. Себебі, ешкімді мәжбүрлеп сайлауға қатыстыра алмаймыз. Әркімнің өз еркі өзінде.  

Солтүстік өңірлер белсенді

Сайлауға Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Павлодар облыстары тұрғындары белсенді қатысқан. Өңірлер бойынша қарайтын болсақ, солтүстік өңір саяси белсенді. Ақжар ауданында (СҚО) 78%, Павлодар облысының Ертіс ауданында 72% адам саяси таңдау жасады. Жетісу облысының барлық ауданында 70%-дан астам адам сайлауға келген. Тіпті, Ақсу ауданында 80%-дан асып кеткен.

Жалпы, қалаларда халықтың сайлауға бару көрсеткіші төмен. Республикалық маңызы бар Алматыда ең төмен көрсеткіш тіркелді. Қалалықтардың 14%-ға жуығы өз таңдауын жасаған. Сол сияқты, Тараз (25%-ға жуық) және Қонаев (33%-дан астам) қалаларында да азшылық байқалды. Ал Семей (44%-ға жуық), Приозерск (56%-ға жуық) және Ақтөбе (61%-ға жуық) қалаларында тұрғындар белсендірек. Осылайша ақтөбеліктер қалалардың ішінде саяси үрдіске етене қатысқан.

Жалпы, батыс өңірлер де белсенділік танытты. Ақтөбе қаласынан бөлек Маңғыстау ауданында 44%-ға жуық адам дауыс берген.

Ал Жамбыл облысының халқының белсенділігі өте төмен. Бірақ мұнда Тараз қаласындағы төмен көрсеткішті ескерген жөн. Дегенмен, Қордай ауданында 62% адам дауыс берген.

 

Өңірлер

Қатысқандар (%)

Абай облысы (Семей қаласы)

43,9

Ақтөбе облысы (Ақтөбе қаласы)

60,8

Алматы облысы (Іле, Кеген, Қарасай аудандары және Қонаев қаласы)

52,34

Алматы қаласы

13,68

ШҚО

56,36

Жамбыл облысы (Тараз қаласы, Қордай ауданы)

37,09

Жетісу облысы (Ақсу, Қаратал, Кербұлақ аудандары)

75,27

Қарағанды облысы (Приозерск қ.)

55,58

Маңғыстау облысы

(Маңғыстау ауданы)

43,5

Павлодар облысы (Ертіс ауданы)

71,88

СҚО (Ақжар ауданы)

77,54


Алматы агломерациясы

Алматылықтар әлі күнге дейін саяси өмірге белсене араласпай келеді. Бұл қалалықтарға да облыстағыларға да қатысты. №4 сайлау округы бойынша сайлауға құқылы 52015 қалалықтың 7117-сі ғана таңдау жасаған. Сайлау қорытындысы бойынша Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып Бакарасова Елена Евгеньевна сайланды. Оған сауалға қатысқандардың 65,36%-ы дауыс берді.

Ал  Алматы облысында  52% адам сайлауға келген. Іле (62%) және Кеген (61%) аудандарында бұл көрсеткіш жоғары. Қарасай ауданында керісінше төмен. Мұнда аудан тұрғындарының 48%-дан астамы дауыс берген.

 

Тақырыпқа орай

Әкімдер де сайланды

Жаңа саяси маусым қызу басталды. Алдымен халық депутаттарды сайлады. Ол туралы жоғарыда талдадық. Ал  күні кеше –  5 қарашада аудандар және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланды. Бұл саяси жүйені демократияландырудағы келесі қадам болды. Ол туралы терең сараптамалық материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

 


 

 

 Суретті түсірген Қайрат Қоныспаев