Үкіметте «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы қаралды

Үкіметте «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы қаралды
Сурет: Primeminister.kz

Тиісті заң жобасы азаматтардың борыш жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздар бойынша төлемдерді ынталандыру және борышкерлерді өнімді экономикалық қызметке қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.

Қаржы министрлігі «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы және оған ілеспе заң жобалары бойынша жұмысты аяқтады. 21 заңнамалық актіге (8 кодекс пен 13 заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Заң жобаларын талқылау барысында жұмыс тобының 10 отырысы өтті, 100-ден астам ұсыныс пен ескертулер қаралды, «электрондық үкімет» платформасы арқылы қойылған 276 сұраққа жауап берілді. Ұсыныстар негізінде заң жобаларына өзгерістер енгізілді, оның ішінде: банкроттық туралы өтініштерді беру рәсімі жеңілдетілді, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға мемлекеттік көмек қарастырылды, бітімгершілік келісім жасасу мүмкіндігі енгізілді, банкроттардың қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі, т.б. енгізілді.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдарға келісілмеген мәселелер бойынша бірыңғай ұстанымдар әзірлеуді және отандық заңнамада қарастырылған барлық сараптамаларды жүргізуді тапсырды.