Сайлау аяқталуға жақын

Сайлау аяқталуға жақын
Суретті түсірген - Қайрат Қоныспаев

Алматыда және еліміздің тағы 10 өңірінде мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өтті. 

Алматылықтар шығып қалған депутаттың орнына үміткер болған азаматтарға дауыс берді.

№4 бірмандатты аумақтық сайлау округінде сайлау белсенді түрде өтті. Халық босаған жаңа орыннан үміткер болған алты кандидат арасында таңдау жасады. Қалада 42 сайлау учаскесі жұмыс істеді. 

— Мен сайлауға ең алғаш бала күнімде, ата-анаммен келгенім есімде. Ол кезде басқаша әсер еткен. Ал бұл жолы кәмелет жасқа келіп, есейген, көзқарасым толысқан шағымда, өз бетімше таңдау жасадым, — дейді алматылық студент Әлішер.

Бүгінгі сайлау өзгеше. Ол ҚР тарихында алғаш рет қаза тапқан кеншілерді еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды. Тулар түсірілген, ешқандай музыка ойналған жоқ. Дегенмен, көптеген учаскелерде алғаш рет дауыс беріп отырған сайлаушыларға «Қазақстан» кәмпиті ұсынылды.

Барлық учаскеде дауыс беруге қолайлы жағдайлар жасалды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы құрылғылар орнатылған жеке кабиналар ұйымдастырылды.

Бүгін Жалпыұлттық аза тұту күні болса да, тұрғындар сайлауға белсенді қатысты. 

Айта кетейік, бұл сайлауда облыстық 2, қалалық 7 және аудандық 12 мәслихат депутаттары сайланатын болады.