Сананы сауықтырсын сәуір басы «Отамалы» жүріп жатыр

Сананы сауықтырсын сәуір басы «Отамалы» жүріп жатыр

Соңғы бес-алты күннің ішінде Алматыда күн салқындап тұр. Таңертеңгілік қырау түсіп, аулада ыдыстарда қалған судың беті қабыршақтанып, тіпті жұқа мұз қатуда. Таңғы ызғар кәдімгідей денені тоңдырып, қалтыратып жібереді.

Мұның сыры неде? Биыл көктем ерте келгенімен, күн жылынар емес, шуақ аз. Түстің кезінде сәл жылымық пайда болады, ол да ұзаққа бармайды. Аспанда күн  көрініп тұрғанымен, жылуы жоқ. Шуағы жерге жетпейді. Жыл басынан бері жауған жаңбырдың бәрі тау басына қар болып түсті. Қазір Алатаудың бел ортасына дейін қар жатыр. Күн жылт етсе болды, қар еріп, сай-саланы қуалап арқырап ағады. Тауда қар көшкіні  көрініс береді. Қазақы пайым бойынша, 5–10 сәуір аралығында суық әрі дауылды жел тұрады. Қыстың соңғы бораны. Осы бораннан кейін қыс біржола кететін көрінеді. Мұны «Отамалының» ызғары дейді.

«Отамалы» деген – оттың, көктің, шөптің амалы деген сөз. Көнекөздерден бізге жеткен болжамдарда осы амал кезінде, күн шұғыл суытып, қар аралас жаңбыр жауады. Бөктерлерде едәуір қар да түседі. Артынша күн жылдам жылынып, ылғал мен топырақ қызуынан көк жапатармағай тебіндей бастайды. Осы амалға байланысты аңыз да жетерлік. Олар  туралы бұрындары жазғанбыз. «Отамалы – оңына бақса, от алғанша, терісіне бақса оталғанша» деген мақал сол аңыздардан қалған. Осы амал кезінде ауа райында өзгеріс болады: күн суыйды, жаңбыр жауады, тағы да басқа шаруаға қолайсыз, жайсыз көріністер байқалады.

Көктемде күн мен түн теңеліп, жер бусанып қана қоймайды: күннің нұры мен жылуы бұрынғыдан молайып, жондар көк майсаға, қыраттар гүл-бәйшешекке толады. Табиғатпен бірге адамзат та түлейді, жасарады, жаңарады. Көктемнен елдің күтері көп. Ақиық ақын Мұқағали «Көктем де келер» деген атақты өлеңінде:

«Көгереді...

Барлығы көгереді:

Ой да, қыр да, даланың төбелері.

Әлі құрып баратқан ауру досқа,

Осы көктем, білмеймін, не береді?» деп толғанса, көрнекті ақын Исраил Сапарбай:

«Ауырма, ешқашан да ауырмашы,

Санаңды сауықтырсын Сәуір басы.

Адамдар бір-бірінің тілеуқоры,

Адамдар бірі-бірінің бауырласы...»  деген тілегін жырмен өрнектейді.

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша сәуір айының 6-шы жаңасы, ай есебіне сүйенсек, сәуірдің  он бесі, ал, қазақша айдың екінші күні. Апта айдың басы мен ортасына сәйкес келуде. Аспан денелерінің әрекеті ауа райының тұрақсыз болатынын аңғартқандай. Аптада жаңбыр жаууы, салқын жел тұруы, тағы да басқа жайсыз, жағымсыз құбылыстар орын алуы әбден мүмкін.

Сәуірдің алғашқы аптасы жүріп жатыр. «Сәуір тумай, тәуір болмас», деп  халық асыға күтетін ай осы. Жаңа Парламент пен жаңа Үкімет жаңа Қазақстан құру жолындағы ұлы мақсатқа кірісу қамында. Сәуір басы сананы сауықтырса игі...

 

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ

Жазғытұрым:

*Күн кенет ысып кетсе, ұзамай жауын жауады.

*Құйын көп болса, қыс аязды болады.

*Найзағайлы болса, жаз ыстық, қыс жайлы болады.

*Аңызақ ыстық – қыстағы қатты аяздың белгісі.

*Жұлдыздар жарқырап тұрса, келер күн ыстық болады.

*Бұлт желге қарай көшсе, жаңбыр жауады.