Сан қырлы кішкентай Кәусардың арманы туралы

Сан қырлы кішкентай Кәусардың арманы туралы
almaty-akshamy.kz

Танысып қойыңыздар, бұл – Айдарбай Кәусар Қабылбекқызы. 8 жаста. Алматы қаласында дүниеге келген. Алмалы ауданында орналасқан №147 гимназияның 3 «г» сынып оқушысы. Біз оны ең алғаш А.Чехов атындағы қалалық кітапханада өткен мәдени-рухани кеште көргенбіз. Нақышына келтіре өлең оқыған. Көзінде оты бар ерекше бүлдіршінмен жақынырақ танысқымыз келді. 

Сөйтсек, кішкентай Кәусар ән де салады, мың бұрала билейді, өлең де шығарады, сурет салады, ермексазбен аң, құстарды, ойына келе қалатын бұйымдарды жасайды. Қуыршақтарына түрлі көйлек, кеудеше, белдемшелер тігеді. Қолөнермен де айналысады. Мәселен, нәзік саусақтарымен түрлі-түсті бисерлерді іліп алып, әдемі моншақтар, білезіктер жасайды. 

Кітапты көп оқиды. Оған анасының кітапханада жұмыс істейтіні де әсер еткен болар, бәлкім. Ол кішкентай болса да, кітап сөрелерінен анасының көмегінсіз өзінің жасына сай кітаптар таңдай біледі. Өзінің сүйікті кейіпкерлері де бар.

– Мен қызымды кішкентай күнінен өзіммен бірге кітапханаға жиі әкелемін. Талай ақын-жазушылардың кешінде ең кішкентай оқырман, көрермен болып отырды. Содан да болар, шығармашылыққа жақын. Кейде сөздеріне, іс-қимылына қарап отырсам, өз жасынан ерте есейіп кеткендей көрінетіні бар. Жақынырақ сөйлескен адамдар да сөздері түйеден түскендей, түйдек-түйдек деп жатады. Әңгімелескенді жақсы көреді. Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын апамыз  Ақұштап Бақтыгереева аузына түкіріп, батасын беріп еді, қасиеті қонған болар деп ойлаймын кей-кейде, – дейді кітапханашы анасы Айнұр Балаубаева.

Балабақшада жүрген кезінен-ақ тақпақтарды тез жаттап алатын қағылез бала болды. Оқулықтардағы мәтіндерді де бір оқығаннан қағып алады. Сол балабақшада жүрген кезінде Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған байқауға қатысып, ынталандыру сыйлығына ие болғаны бар. Ал мектеп табалдырығын аттаған кезде анасы оған Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін оқыта бастады. Ал қазір белгілі ақын Серік Қалиев сыйлаған «Балалар антологиясы» деген кітаппен дос болып жүрміз. Алмат Исәділ, Саят Қамшыгер ағаларының өлеңдерін де жатқа оқиды. Айтыскер ақындар Шұғайып Сезімхан мен Қазірет Бердіхан да Кәусардың тілекші ағалары. 

Күнделікті өмірде тиянақты. Жауапкершілік – басты қағидасы. Мейірімді, көпшіл. Қолында барын үнемі бөлісіп жүреді. Жазды жақсы көреді. Анасымен, достарымен саябақтарға, театрға, кинотеатрға  жиі барады. «Достар  бір-біріне адал, қамқор болу керек. Қиналғанда көмектесіп, қуанғанда бірге қуану керек. Сонда нағыз дос болғаның» дейді кішкентай Кәусар үлкен ой айтып. Ал анасы – бұл ғаламдағы ең үлкен, ең ғажап досы! «Мен үшін анамнан артық адам жоқ!» деген бір ауыз сөзінен көп махаббатты сезіндік.

Кәусардың арманы көп екен. Бәрін саусағын бүгіп тұрып тізіп шықты. Өскенде жер шарын аралағысы келеді. Әрине, анасын ертіп алады. Өзінің егізі немесе сіңлісі, інісі, жалпы үйде көп адам болғанын қалайды. Болашақта анасын, ата-апасын және бүкіл қазақ халқын емдейтін дәрігер болғысы келеді. Ол үшін көп оқу керек екенін де өзі айтты. Үлкен үйіміз болса деп армандайды. Лайым, барлық арманына жетсін Кәусар! Сан қырлы бүлдіршінге көз тимесін! Осындай балдырғандар – елдің болашағы.