Елімізде су тасқынына байланысты 1,5 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Елімізде су тасқынына байланысты 1,5 мыңнан астам адам эвакуацияланды
Сурет: Kaznovosti.kz

Қазақстанда 285 елді мекен үшін су басудың ықтимал қаупі сақталып отыр.

Су тасқыны кезеңі басталғалы 1,5 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 

«Су тасқыны кезеңінің басынан бері республика бойынша 11 елді мекенде 192 тұрғын үйді (БҚО - 140, Ақтөбе - 41, Павлодар - 3, ШҚО - 6, Қарағанды - 2) және 78 саяжайды (Ақтөбе-78), сондай-ақ 3 әлеуметтік нысанды еріген қар суы басты. Суды бұру жұмыстары толығымен аяқталды. Ауқымды су тасқынына қарамастан, су басу салдарын жою және халықты құлақтандыру шаралары уақтылы жүргізілді, адам құрбандарына жол берілмеді. Барлығы 1 595 адам эвакуацияланды (БҚО - 912, Ақтөбе - 520, Павлодар - 10, Қарағанды - 117, ШҚО - 36), олардың 15-і уақытша эвакуациялау пункттерінде орналасқан (БҚО), 1 580-і үйлеріне оралды», - деді Ю. Ильин.

Оның айтуынша, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың 20 учаскесінде су тасқыны жалғасуда, 6 учаске және жергілікті маңызы бар 3 көпір шайылып кеткен.

«Су тасқыны кезеңі жалғасуда. 2022 жылғы су тасқыны кезеңінің өту қорытындысы бойынша министрлік тиісті қорытындылармен және ұсыныстармен өңірлерде төтенше жағдайлардың туындауына ықпал еткен себептер мен жағдайларға егжей-тегжейлі талдау жүргізетін болады», - деді министр.