Сәкен Бибосынов Азия чемпионатын жеңіспен бастады

Сәкен Бибосынов Азия чемпионатын жеңіспен бастады
Сурет: Ашық дереккөзі

Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының нұсқаушы-спортшысы кіші сержант Сәкен Бибосынов бокстан Иорданияның астанасы – Амманда өтіп жатқан Азия біріншілігінің алғашқы кездесуінде сенімді түрде жеңіске жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Армияның 51 келі салмақтағы былғары қолғап шебері 1/8 финалда үндістандық қарсыласы Кумар Спарштан басым түсті. Ширек финалда ол малайзиялық боксшы Кайюм Ариффинмен жұдырықтаспақ.
Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі кіші сержант Сәкен Бибосынов – еңбек сіңірген спорт шебері. Оның қоржынында 2020 жылғы Олимпиаданың «қола» және 2021 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атағы бар.

– Біздің спортшылардың жеңіске жетуге барлық мүмкіндігі бар. Тәлімгерлердің күш-жігері мен қарқынды жаттығулары жақсы нәтиже береді деп үміттенеміз. Қазақстандық боксшыларға табандылық пен сәттілік тілейміз, – деді Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының бастығы Ольга Шишигина.

Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының сапында Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының тағы бір спортшысы – Асланбек Шымбергенов те шарша алаңда былғары қолғап түйістіруде. Ол 71 келіге дейінгі салмақта бағы мен бабын сынап жүр.