Рұқсатсыз  үй қабырғасын бұзуға бола ма?

Рұқсатсыз  үй қабырғасын бұзуға бола ма?
efimovfree.ru

Мен көпқабатты үйде тұрамын. Жа­қында өз еркіммен үйдің қабырғасын бұзып, есікті басқа жақтан шығарып, біраз жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Алайда, «құрылыс жүргізу үшін арна­йы құзырлы органнан рұқсат алу ке­рек» дегенді естідім. Осы рас па? Үйге рұқсатсыз жөндеу жұмыстарын жүргізгенге қандай жаза қолданыла­ды?

Сапарәлі ПӘТТЕЕВ,

Алматы қаласы.


Негізі, рұқсат алмай жатып, үйді жабдық­тауға болмайды. Рұқсатты кейін ала саламын ғой деп немқұрайдылыққа салынудың арты үлкен өкінішке әкеліп соқтыруы мүмкін. Мұндай кезде Қала құрылысын бақылау бас­қармасы рұқсат қағазды бермейді. Өйткені, бақылау басқармасы болғаннан кейін, олар қандай да болсын жүргізілген құрылысты заңдастырып, қабылдап алуы керек. Сейсми­каға қауіптілігін тексереді. Осының барлығы қадағаланбай жатып рұқсат бере алмайды. Сондықтан үйді өзгертпес бұрын жергілікті Қала құрылысын бақылау басқармасынан рұқсат алған жөн. Оның еш қиындығы жоқ. Тек қана төрт-ақ құжат керек: жеке куәлігі, үйдің құжаты, жобалау-сметалық құжаттама­ға сараптаманың оң қорытындысының көшірмесі, сондай-ақ құрылыс жасайтын мердігердің лицензиясының болуы. Міне, бары – осы.

Егер рұқсат алмай тұрып пәтерді, меке­мені өзгертіп қойған жағдайда тексеру жүргізіп, әкімшілік жазаға тарту көзделеді. Айыппұл салынады. Сонымен қатар, тиісті орыннан рұқсат алмай тұрып объектіні өз­герткен адамға пәтерін сатқан жағдайда не­месе пәтерін кепілге қойып несие алғысы келсе, тиісті органдар рұқсат бермейді.