Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Алматы музейінде көрме ашылды

Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Алматы музейінде көрме ашылды
Сурет: Zakon.kz

Көрме 1 қарашаға дейін жалғасады

Биыл Халық артисі, Халық қаһарманы, опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толып отыр. Мерейтойға орай Алматы музейінде "Қазақ деген халықтың еркесімін!" көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы музейіне кіреберісте аңыз әнші Роза Бағланованың орындауындағы "Ақ маңдайлым" әні шырқалып тұр. Осыдан-ақ келушілер музейде кімнің көрмесі ұйымдастырылып жатқанын аңдай алады. Ал музейдің екі бөлмесіне Халық артисінің жеке заттары, сахналық костюмдері, әшекей бұйымдары, тұрмыстық заттары, марапаттары, медальдары мен фото-суреттері қойылған.

Жеке әшекейлері жылтырап, көздің жауын алады. Ұқыпты сақталғаны бірден байқалып тұр. Артистің жеке заттары мен ата-анасынан қалған бұйымдарды бүгінде әншінің ұлы Тәжен Бағланов пен келіні Марал Бағланова көзінің қарашығындай сақтап отыр. Осы көрмеге арнап әншінің келіні мен музей қызметкерлері барлығы 300-ге жуық жәдігерді таңдап алыпты.

«Мына заттың бәрі біздің үйде тұрған. Музей қызметкерлері қасыма екі көмекші берген соң бүкіл бұйымды оларға көрсеттім. Қызметкерлер жәдігерлерді өздері таңдап алды. Олар заттардың барлығын көрсетуге, көрмеге әдемілеп орналастыруға тырысты», - деді Халық артисінің келіні Марал Бағланова.

Сонымен қатар Марал Бағланова көрмеге қойылған заттар бүкіл қазақ жұртына тарихтың бөлшегі ретінде қорек болады деп ойлайтынын айтты.

«Апамыздың 100 жылдығы отбасымыз үшін ерекше өтіп жатыр. Біраз қобалжып әрі қуанып жүрміз. Музейден көрме ашайық деп атсалысқан ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Апамыздан, аңыз адамнан қалған бұйымдар бәрімізге қорек болады деп ойлаймын», - дейді Марал Бағланова.

"Қазақ деген халықтың еркесімін!" көрмесі 1 қарашаға дейін жалғасады. Алматы музейлер бірлестігінің Бас қор сақтаушысы Раузия Тұрсынбекованың айтуынша, көрменің ерекшелігі - Халық артисінің көрмесі алғаш рет үлкен көлемде ұйымдастырылуы. Музей қызметкерлері дәл осы мәдени ордада көрме ашылғанын үлкен құрмет деп санайды.