«Республика театрының заманауи келбеті»

«Республика театрының заманауи келбеті»
Сурет: Almaty-akshamy.kz

«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының залында Халықаралық театр күніне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

Іс-шара М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Театр және кино бөлімінің ұйымдастыруымен, Т.Қ.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Өнертану факультеті профессорларының қолдауымен ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелде белгілі театртанушы ғалымдар А.Мұқан, А.Еркебай, З.Исламбаева, М.Жақсылықова, М.Ташимова еліміздегі театрлардың бағыт-бағдары, жаңалықтары мен болашағы, театр төңірегіндегі болып жатқан келелі мәселелер жайында сөз саралады.

«Орта Азия мен Түркі тілдес бауырлас елдермен салыстыра айтсақ еліміздегі театр индустриясында үлкен өзгерістер болып, көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Фестивальдік биографиямыздың аясы кеңіп, республикалық, халықаралық театр фестивальдерінің саны өсуде. Сапасы әр қилы, әр театр облыстық, аймақтық театр мерекелерін көбейтіп, өткен 2023 жылдың өзінде жиырма бір театр фестивалінің өтуі қуантарлық жайт болып отыр. Театрлардың саны күрт көбеюде, мемлекеттік театрдың саны жетпістен астам, ал тәуелсіз театрлар елуге жуықтады. Әр облыста жастар лабораториялары құрылды. Олар театр фестивальдеріне қатысып өз өнерлерін паш етуде. Инклюзиялық театрлардың пайда болуы, Алматыдағы «Трансформа», «Действие буквально», Астанадағы «Қанаттылар», облыстардағы театр-лабораториялары кезінде бір реттік жоба болады деген қасаң пікірлерді жойды. Сонымен қатар облыстық театрлардың жанынан қуыршақ труппалары ашылып жұмыс істей бастағаны әрине қуантады. Бұл сандық көрсеткіш болғанмен саннан сапа туындайтыны тағы бар дейді ғылым кандидаты А.Еркебай. Осы ретте қуыршақ театрын зерттеп жүрген театртанушы М.Ташимова өз ойын былайша сабақтады. Драма театрларының жанынан ашылып жатқан қуыршақ труппаларының көбейіп жатқаны қуантқанмен, шығармалық дайындықтан өтпегені, кемелі келіп қуыршақ театрының қазанында мақсат-мүдделеріне сай шыңдалмағаны қуыршақ театр фестивальдерінде бірден көзге ұрып көрініп қалды, – дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, театртанушы Мәншүк Ташимова.

Жалпы алғанда бүгінгі заманауи театрдың төңірегіндегі ізденістер мен жаңалықтар, сонымен бірге толып жатқан мәселелер дөңгелек үстелдің мазмұнына айналды. Қонақ ретінде шақырылған театр және кино актері Әбілқасым Шоманов, «Болат медия» корпорациясының президенті, журналист Батыр Болат, Қарақалпақстанның Бердақ атындағы музыкалық театрының бас режиссері Мұхтар Римов, жас театртанушы, магистрлер Т.Ембергенов, Ж.Тұрмағамбеттер сөз алып, театрдағы актерлік ойын, техникалық мамандардың жетіспеуі, театр жайлы білімді шет елдерде жетілдіру сияқты ойларын ортаға салды.

Театртанушы М.Амангелді дөңгелек үстелге қатысушыларға бүгінгі қазақ театрының заманауи келбетінің ауаны қайда бет түзеп жатқаны жайында сауал тастады. Актерлік ойын мен режиссурада нендей жаңалықтар бар? Ауызға ілініп жүрген режиссерлер өзін-өзі қайталап жатқан жоқпа?! Драматургияның барысы қандай болу керек, қайда бет алды, театрлар репертуарлық саясатты қалай ұстанғаны жөн? – деген сауалдар төңірегінде театртанушы мамандар өз ойларын ортаға салды. М.Жақсылықова: «Дәстүрді сақтай отырып жаңғырту» идеясын ұсынды. Ол бүгін өте маңызды мәселе,  әрбір суреткердің (драматургті, режиссерді, актерді айтқым келеді) кез-келген дәстүрге деген азаматтық позициясы болуы керектігін тілге тиек етті. Театрларда ұлттық дүниелерімізді жаңғыртуға, қайта қарауға деген бетбұрыс байқалады.  Ұлттық дүниелеріміздің бағаланып отырғанының өзі қазірде  рухани құндылықтарға мән беру және жастардың санасына құюға, өз түп-тамырына, салт-дәстүріне қайтуға деген талпынысты байқатады