«Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінеді

«Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінеді
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

«Үкімет «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл – Ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалық құжаттардың ережелері интеграцияланған Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдап, іске асыруда. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін кредит беру (8 мың АЕК-ке дейін) көзделген. Бұл ауыл шаруашылық техникасын, қажетті жабдықтарды сатып алу, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі шағын цехтарды ашу бойынша ынталандыру болады», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің дерегінше, бағдарлама бойынша 2023 жылы 74,8 млрд теңге сомасына 12,1 мың микрокредит берілді. Оның 5,8 млрд теңге кредит қаражатын 287 ауыл шаруашылығы кооперативі алды. 2024 жылға 16,7 мың микрокредит беру жоспарымен 100 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл ауылда 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, агро өнеркәсіптік кешен саласына, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

«Мәселен, 2023-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында 2023 жылы 3 856 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 275,6 млрд теңге сомасына 289 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Оның ішінде елдің шекаралас өңірлерінде 224,8 млрд теңге сомасына 3 мың жұмыс орнын құра отырып, 222 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл инвестициялық жобалар жеңілдетілген кредиттеу, субсидиялау, жер ресурстары және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Мен кәсіпкер» құралы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба қолданыстағы қосылған құн өндірістік тізбектеріне экспорттау немесе өндіру үшін нарықтық әлеуеті бар өңірлердегі перспективалы тауарларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, тұжырымдаманы іске асыру аясында даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекен (тірек, спутниктік АЕМ) тізбелері өзектендіріліп, әрбір өңір бойынша Ауылдық аумақтарды дамыту жол карталары бекітілді», - деді Олжас Бектенов.