Республика күні қарсаңында отандық кино апталығы өтеді

Республика күні қарсаңында отандық кино апталығы өтеді
Сурет: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Республика күніне орай отандық телеарналардың эфирінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірі туралы Ақан Сатаевтың «Боксер» спорттық драмасы, қазіргі қазақ ауылының бейнесін көрсететін Серік Апрымовтың «Ауыл» авторлық киносы, библиялық сюжет пен әйгілі алматылық апорттар тоғысқан Асқар Ұзабаевтың «Адам және алма» мелодрамасы, Серікбол Өтепбергеновтың «Патриоттар уақыты» атты ауқымды экшн-фильмі, қазақ даласының әйгілі әйелдері туралы «Еуразия патшайымдары» деректі фильмі мен АҚШ-тағы фестивальдарда жүлде алған «Көше ақыны» қысқаметражды фильмінің тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» хабарлауынша, жалпы 23-29 қазан аралығында отандық телеарналар соңғы бірнеше жылда мемлекеттің қолдауымен түсірілген 15 толықметражды, деректі және қысқаметражды фильмдерді көрсетеді. 

«Отандық киноөндірісті дамыту және ұлттық фильмдерді танымал ету бағытындағы жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Фильмдеріміздің қалың көрерменге қолжетімді болуы – біз үшін маңызды. Әсіресе, Республика күні мерекесінде бүкіл отбасымен жиналып, теледидардан отандық киноны тамашалағанға не жетсін», - деді ҰКҚМО Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Айта кетсек, Киноорталық бүгін мемлекеттің қолдауымен түсірілген фильмдерді насихаттау туралы «31 арнамен» меморандумға қол қойды. Бұған дейін ынтымақтастық туралы келіссөздер Qazaqstan РТРК, «Хабар» агенттігі және «Жетінші арна» телеарналарымен жасалған болатын.

«Басты отбасылық телеарна ретінде біз Киноорталықпен серіктестікті арттыруға және ақпараттық қолдау көрсетуге қуаныштымыз. Қазірдің өзінде біз көреремендерімізге жаңадан шыққан фильмдерді көрсетуді әдетке айналдырдық және болашақта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы түсірген туындылармен қоржынымызды байытатын боламыз. Сол себепті біз отандық киноны дамытуға мүдделіміз», - деп атап өтті медиахолдинг бас директоры Бек Кенжебай.

Фильмдердің көрсетілу уақыты туралы ақпаратты телеарналардың ресми сайттарынан таныса аласыз.