Ресей Қорғаныс министрлігі COVID-ге қарсы тағамдық қоспаның әзірленгенін айтты

Ресей Қорғаныс министрлігі COVID-ге қарсы тағамдық қоспаның әзірленгенін айтты
Сурет: Vsednr.ru

Мамандардың айтуынша, қоспаның құрамы табиғи заттардан жасалған.

Ресейлік әскерилер коронавирустың алдын алуға арналған шөптер мен басқа да табиғи материалдар негізіндегі биологиялық белсенді қоспа (BAA) әзірлегенін және оны мемлекеттік тіркеуден өткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz INTERFAX.RU  сайтына сілтеме жасап.

«Біз өткізген сынақ «КовБАД» деп аталатын биологиялық белсенді тағамдық қоспаны қолданудың екінші күні мұрын-жұтқыншақтағы вирустың мөлшері екі есеге, ал алтыншы күні оның концентрациясы 16 есеге төмендейтінін көрсетті», - деді РФ Қарулы Күштері радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бастығы генерал-лейтенант Игорь Кириллов Ресей қорғаныс министрлігінің «Красная звезда» газетінде жарияланған сұхбатында.

Ол коронавирустық инфекцияның алдын алу құралдары Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің шешіміне сәйкес әзірленіп жатқанын айтты.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, қоспаны әзірлеуші 48-ші Орталық ғылыми-зерттеу институтының міндеті әскер мен халықты аса қауіпті инфекциялардан медициналық қорғауды дамыту болып табылады.

48-ші Орталық ғылыми-зерттеу институты ресейлік Sputnik V коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеуге және сынауға қатысқан.