Міндетіне мін келтірген медицина қызметкері

Міндетіне мін келтірген медицина қызметкері
Сурет: ашық дереккөз

Жуырда Алматы қаласындағы тергеу изоляторына шақырту бойынша келген "жедел жәрдем" фельдшері өзімен бірге тыйым салынған заттар ала келген.

Алматыда тергеу изоляторына телефон тасыған фельдшер ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

– ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен (Бірнеше рет ұрлық жасау) сотталған 41 жастағы жігітке "жедел жәрдем" шақыртылған болатын. Жедел көмек көрсету үшін келген "жедел жәрдем" бригадасын тексеру кезінде Р. атты фельдшерден әртүрлі маркадағы 4 телефон мен 145 мың ақша табылды, – деп хабарлайды Алматы қаласы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.

Сотталған К. есімді азамат сол күні тергеу изоляторының қызметкерлеріне «бүйрегім ауырды» деп шағымданған. Оған жедел медициналық көмек көрсету үшін фельдшерге жеткізу кезінде сотталған К-нің қалтасынан да целлофанға оралған ұнтақ пен өткір иісті шөп табылды. Сот-химиялық сараптама қорытындысы бойынша, оның қалтасынан табылған заттардың 78,66 грамм гашиш пен 15,20 грамм кептірілген марихуана екендігі анықталды. Аталған фактілер бойынша Алматы қаласы Түрксіб аудандық полиция басқармасынан жедел тергеу тобы шақыртылып, қазір тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.