Ресейдегі қазақ балалары ана тілінде оқуға мүмкіндік алды

Ресейдегі қазақ балалары ана тілінде оқуға мүмкіндік алды
Сурет: 24.kz

Қазіргі күнде ата-аналардың қазақ тіліне деге қызығушылығы зор

Хабар24-тің жазуынша, ол үшін Алтай Республикасының Қосағаш мектебінің ұстаздары арнайы оқу-әдістеме әзірледі. Олар дайындаған 1-4 сыныптарға арналған «Әліппе» мен «Қазақ тілі»» оқулықтары сараптамадан өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Алтайдағы Қосағаш ауылы мектебінің мұғалімдері қазақ тілі пәні бойынша бастауыш сыныптарға арналған оқу-әдістемелік кешендерін 2021 жылы әзірледі. Олар барлық деңгейлерде сараптамадан өтіп, енді ресейлік оқу бағдарламасына ресми түрде енгізілді.

«Егер де біз факультатив туралы айтып отырсақ, барғысы келген балалар барады, сабаққа барғысы келмейтін балалар бармайды. Сондықтан тілді үйренбейді. Ал пән болса, балалар міндетті түрде барады, сондықтан тілдері дамиды, ана тілінде еркін сөйлейді. Қазіргі күнде ата-аналардың қазақ тіліне деге қызығушылығы зор, сондықтан балаларын оқытуға тырысады», - деді қазақ тілі мұғалімі Баткен Сарсенова.

Омбы қаласының 3 мектебінің оқушылары ана тілін факультативтік сабақ кезінде үйрене алады. Ал облыстың 11 мектебі қазақ тілін міндетті пән ретінде оқытады.

«Біздің жергілікті Омбы қазақтарын диаспора деп атауға болмайды, өйткені олар – осы аумақты ежелден мекендеген халық. Біздің облыста ұлттық мәдениетті сақтау және насихаттау ісіне көп көңіл бөлінеді және жан-жақты қолдау көрсетіледі», - деді Омбы облысы Өңірлік саясат министрлігінің сектор меңгерушісі Рустам Грасимчук.

Омбы және Алтай мұғалімдері жаңа оқулықтар Ресейдің басқа да мектептерінде қолжетімді болып, қазақ тілін оқытатын білім беру мекемелер желісі кеңейеді деп үміттенеді.