Референдум ашық және демократиялық түрде өтті

Референдум ашық және демократиялық түрде өтті
almaty-akshamy.kz

Құрамында 64 партия мүшесі бар AMANAT партиясының Алматы қалалық штабы ашылған сәттен бастап Алматы тұрғындарының түрлі санаттары үшін ақпараттық-түсіндіру сипатындағы бес жүзге жуық іс-шара өткізді. Жалпы, 20 000-нан астам адам қамтылды.

Мегаполистің еңбек ұжымдарымен кездесу қала тұрғындары тарапынан шынайы қолдау мен қызығушылық танытты. Осылайша, штаб мүшелері референдумға қатысты 1000-ға жуық ұсыныстар мен тілектерді, сондай-ақ алматылықтарды толғандыратын басқа да өзекті мәселелерді қабылдады. Ендігі кезекте сол тілектерді жүзеге асыруға кірісеміз.

Сонымен қатар, AMANAT партиясының Алматы қалалық филиалы 5 маусымда 574 дауыс беру учаскесінде бақылаушы болған партия мүшелерінің тізімін жасақтады. Олардың әрқайсысы дайындықтан өтті. Дауыс беру учаскелерінде жедел әрекет ету мақсатында біз партияның қалалық филиалы қызметкерлерінен тұратын топтардың жауапты үйлестірушілерін бекіттік. Біздің өкілдер барлық ашық 507 учаскеде дауыс беру барысын қатаң қадағалады. Олар дауыстардың саналуын және сайлау учаскесі жұмысының аяқталуын бақылады.

Орталық референдум комиссиясы ұсынған деректер жарияланған статистика бойынша Қазақстан Конституциясына түзетулерді сайлаушылардың 77,18%-ы қолдағанын көрсетеді. Алматы тұрғындары мен партия мүшелері де ерекше белсенділік танытты. Бұл біздің жасаған түсіндірме жұмыстарының көрсеткіші деп білемін. Ең бастысы, референдум ашық және демократиялық түрде өтті, ол үшін Алматыда барлық қажетті жағдайлар жасалған болатын.

Ерекше атап өтетінім, "аманаттықтар" үлкен-кішісіне қарамай, отбасыларымен де дауыс берді.  Мысалы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Әуезов ауданы ардагерлер қозғалысының белсендісі Егор Степанович Долидуда жастарға үлгі болды. Өзінің ұлғайған жасына қарамай, дауыс беру учаскесіне аяқтай келіп, өз таңдауын жасағаны - үлкен құрметке тұрарлық іс. Біздің тұрғындар референдумға шетелде жүргеніне қарамастан, шетте қалмай, өз конституциялық құқығын пайдаланды. Олардың қатарында Ыстамбұлда жүрген Алматы қалалық мәслихатының AMANAT партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Нұрымбек Тау да бар.

Мен де өзімнің азаматтық ұстанымымды көрсете отырып, конституциялық өзгертулердің пайдасына өз таңдауымды алғашқылардың бірі болып жасадым. 35 жасымда тұңғыш рет референдумға қатыстым. Бір қызығы, 1995 жылы референдумда дауыс берген 18 жастағы дауыс беруге құқығы бар азамат қазір 45 жаста екен.

Референдум әрбір қазақстандықты елдің қоғамдық-саяси жүйесін жаңартуға бірыңғай ұмтылыспен біріктірді. Мемлекет пен қоғамның өзара әрекетінің жаңа моделіне көшу – «Жаңа Қазақстанның» негізгі бағдары деп санаймын.