Мектептерде ағылшын тілі 1-сыныптан бастап оқытылмайды

Мектептерде ағылшын тілі 1-сыныптан бастап оқытылмайды
Сурет: Sn.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, зерттеулер мен талдаулар нәтижесі 1-сынып оқушысына бірден үш тілді меңгеру қиын екенін көрсеткен.

Қазақстанда ағылшын тілін 1-сыныптан емес, 3-сыныптан бастап оқыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Бұл – тиімсіз. Біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады», - деді Аймағамбетов.

Ал орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады.

«Мұндай зерттеулер мен ұсыныстар бұрын да болған, сол себепті оны енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр.