Президент тапсырмасы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған

Президент тапсырмасы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған
Сурет: Ашық дереккөз

Ішкі нарықты отандық өніммен толтыру

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының 19 сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкімет сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ЖІӨ өсімін 6% деңгейінде қамтамасыз ету мақсатында экономика салаларында өсудің қосымша көздері пысықталатынын баяндады. Атап айтқанда, тау-кен өндіру секторын дамытуға, оның ішінде ірі мұнай-газ жобаларын, өңдеу өнеркәсібін, АӨК, ШОБ және қызмет көрсету секторын жандандыруға баса назар аударылатын болады.

Макроэкономикалық саясаттың теңгерімділігін жақсарту мақсатында бюджет тапшылығын азайту, мемлекеттік қарызды тұрақтандыру және Ұлттық қордан түсетін трансферттерді қысқарту бойынша шаралар қабылданады. Бюджеттің теңгерімділігі мұнайға қатысты емес түсімдерді ұлғайту есебінен, оның ішінде тиімсіз салықтық жеңілдіктерді алып тастау есебінен қамтамасыз етіледі.

Инфляцияны төмендету мақсатында Ұлттық банкпен бірлесіп өзектендірілген тиісті Кешенді жоспарды іске асыру жалғасады. Ішкі нарықты отандық өніммен толтыру арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға басты назар аударылатын болады.

Жаңа Салық кодексі шеңберінде қосылған құны жоғары өнім өндіруге инвестициялар тартуға және технологиялық экспортты ынталандыру үшін салық жеңілдіктерін қайта бағдарлау, сондай-ақ жұмыс орындарын ашу, қайта өңдеу нысандарын салу, әлеуметтік міндеттемелерді орындау есебінен қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша рентабельділігі төмен жаңа жобаларға салық жүктемесін азайту мәселелері пысықталуда.