Президент Қорғаныс министрін қабылдады

Президент Қорғаныс министрін қабылдады
Сурет: Akorda.kz

Президент Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады.

Руслан Жақсылықов қорғаныс ведомствосының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындысы жөнінде баяндады, кезеңдік өзгерістерге негізделген жауынгерлік даярлықтың жаңа форматын және командирлердің басқару қабілетін жетілдіру моделін енгізу жайында айтты. Территориялық қорғанысты нығайтуға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы жеткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Әрдайым жауынгерлік дайындықта болатын бөлімдерді қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау барысы, сондай-ақ отандық өндірістің мобильді және модульдік компоненттерге көшірілуі туралы мәлімет берді;

Қарулы Күштердің бітімгерлік қызметі туралы арнайы баяндады; әскерге шақырылатын және мерзімді қызметін өтеген азаматтар туралы мәліметтерді цифрлық жүйеге көшіру шаралары жөнінде айтты. Әскерге шақырылатын азаматтарға кредиттік демалыс беру, сондай-ақ білім алуға жеңілдіктер жасау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы жеткізді (бүгінде 2,5 мың сарбаздың несиесі кейінге шегерілді және әскери қызметін өтеген 1,5 мың жауынгерге жоғары оқу орындарында оқуға орын бөлінді).

Жыл басынан бері мерзімді әскери қызметін өтеп, запасқа шығарылған 700-ге жуық сарбаз жүргізуші, механик, машинист, слесарь, аспаз және басқа да еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алды.

Президент аталған бастамаларды, атап айтқанда Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, білім алуға жеңілдік беретін квоталар бөлу, мерзімді әскери қызметін өтегендерге мемлекеттік білім гранттарын ұсыну, сондай-ақ олардың заңнамалық тұрғыда бекітілуін жалғастыру мәселесін назарға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын күшейту мәселесіне баса мән бере отырып, бірқатар тапсырма берді.