«Барыс жылы» коллекциялық монеталар айналымға шығады

«Барыс жылы» коллекциялық монеталар айналымға шығады
Inform.kz

Қазақстан Ұлттық банкі номиналы 500 теңгелік «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясынан «Барыс жылы» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алтын және күміс монеталардың дизайнында «Шығыс күнтізбесі» субұрқағының (Алматы) сәулет элементтері пайдаланылған. Мүсіндік композицияны суретші-монументалист В. Твердохлебов А. Татариновпен және В. Кацевпен бірлесіп жасаған. «Барыс жылы» монеталарының оң бетінде аспан әлеміндегі жұлдыздар картасында жұлдыздар шоғырының мифологиялық символы бейнеленген. Сондай-ақ монета дайындалған металл, оның сынамасы мен массасы жазылған.

Шақаны айналдыра «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазулар, күннің стильдендірілген бейнесі және монетаның номиналы бейнеленген.

Монеталардың теріс бетінде шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылдың символы – барыс бейнесі бейнеленіп, айналдыра «2022», «ШЫҒЫС КҮНТІЗБЕСІ», «ВОСТОЧНЫЙ КАЛЕНДАРЬ» және «ORIENTAL CALENDAR» деп жазылған.

Ішкі жағында шығыс күнтізбесінің қалған он бір символы орналасқан. Алтын монеталар 999/1000 сынамалы. массасы – 7,78 грамм, диаметрі – 21,87 мм, дайындау сапасы – «proof», номиналы 500 теңек, таралымы – 1 мың дана.

Күміс монеталар 925/1000 сынамалы, массасы – 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof», номиналы – 500 теңге, таралымы – 3 мың дана.

Айта кетейік, аталмыш екі монета да коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында нақты құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу, аударым жасау үшін қабылдануға, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде ұсақталуға және айырбасталуға жатады.

Алтын және күміс монеталар кәдесый орамасымен шығарылады, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі ҚҰБ нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.