"Пойыз апатқа ұшырап, 380 адам қаза тапқаны" туралы ақпарат фейк

"Пойыз апатқа ұшырап, 380 адам қаза тапқаны" туралы ақпарат фейк
Сурет: ҚТЖ

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығынан пойыз апатқа ұшырап, 380 адам қаза тапқаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

"Отар мен Шудың ортасында бұрын соңды болмаған қар жауып поезд авария болып 300-ден астам адам өлген содан хабарлап жіберіп жатыр танитын адам болама деп", - делінген әлеуметтік желіде тараған ақпаратта. (Хаттың стилі мен орфографиясы сақталды)

Ақпарат таратушылар мұнымен қоймай, 380 адамның аты-жөні жазып, таратқан.

Massaget.kz тілшісі "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметінен бұл ақпараттың рас-өтірігін сұрады. Компания өкілі мұның жалған екенін айтып, желіде тараған хабарламаны жоққа шығарды.

"Әлеуметтік желіде Отар-Шу учаскесінде пойыздың рельстен шығып кеткені туралы жалған ақпарат қызу тарап жатыр. ҚТЖ желісінде пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін бұзу немесе адамдардың жарақаттанғаны туралы дерек тіркелген жоқ. Көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз", - деді компания.