Өткен жылы Алматыда МӘМС есебінен 20 млрд теңгенің операциясы жасалды

Өткен жылы Алматыда МӘМС есебінен 20 млрд теңгенің операциясы жасалды
Өңірлік коммуникациялар қызметі

2023 жылы оңтүстік астанада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілген қызметтерге 140 млрд теңгеге жуық жұмсалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Айтуынша, жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия және тағы да басқа профильдер бойынша мыңдаған операция жасалып жатыр. Мұндай операциялар күрделілігіне байланысты күнделікті қала емханалары мен мен ғылыми орталықтары деңгейінде де орындалуы мүмкін.

«Мысалы, 2023 жылы МӘМС арқылы 134 мыңнан астам операция жасалып, оған 78 млрд теңге төленген. Оның ішінде жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар мен манипуляцияларға Қор 21,7 млрд теңге төледі. Сақтандырылмаған азаматтар осындай операцияларды жасататын болса қалтасынан бірнеше миллион төлеген болар еді», - деп атап өтті Тілеухан Әбілдаев. 

Өткен жылы Алматы қаласында 1841 кардиохирургиялық операция, 562 нейрохирургиялық ота, лор-профилі бойынша 250 операция жасалған. 

«Соңғы кезде артроз, артрит сынды буын ауруларының көбеюіне байланысты тізе, жамбас буындарын алмастырушылар саны күрт артқаны белгілі. 2023 жылы алматылық травматологтар осындай 4 670 операция жасаған. Оған МСҚ 6,9 млрд теңге төледі», - деді филиал директоры.

Сонымен қатар, ағза алмастыру операциялары да МӘМС пакеті арқылы қаржыландырылады. 2023 жылы құны 565,6 млн теңгеден асатын 95 трансплантация жасалды. Мұндай бір ғана отаның өзі орта есеппен алғанда 7-9 млн теңге тұрады. Осы қызметтердің бәрін сақтандырылған азаматтар МӘМС арқылы қиындықсыз пайдаланып келеді.