Ордабасыда кітапты көп оқитын оқушыларға қозы беріліп жатыр

Ордабасыда кітапты көп оқитын оқушыларға қозы беріліп жатыр
сурет: Inform.kz

Демеушілер - ауыл азаматтары  

Түркістан облысы Ордабасы ауданында кітапты көп оқитын оқушыларға қозы беріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. Ордабасы ауданындағы Бөржар ауылдық округінің әкімі Серғали Құрымбеков тың бастаманы қолға алды. Жазғы демалыс кезінде оқушылардың кітап оқуға құштарлығын арттырған ол ең үздіктеріне қозы үлестіріп беріп жатыр. Өткен айда 3 бала үйіне қозы жетектеп барса, бұл айда жүлде қоры 5-ке көбейген. Демеушілер де - ауыл азаматтары. 

«Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев әр жиналыста жұмысты жаңа бағытта жүргізу керектігін айтып отырады. Содан осы идеяны ұсындым. Мұндағы мақсат - «Балалар жылына» орай балаларды ынталандыру. Сондай-ақ, соңғы кезде балалар ұялы телефоннан бас алмай қалды. Шомылуға өзен жағалап кетіп қалатындары да бар. Осы жайттарды ойластыра келе жасөспірімдердің кітап оқуға құштарлығын арттырмақ болдық. Ауыл азаматтары Нұрсұлтан Елтаев, Нұржан Базарбаев, Қайрат Биназаров қолдау білдіріп, демеушілік жасады», - дейді ауыл әкімі Серғали Құрымбеков.

Өткен айда жүлдеге тігілген үш қозы 6 сынып оқушыларына бұйырыпты. Ал, бұл жолғы бес қозыны беруде, ережеге біршама өзгерістер енген. Яғни, оқушылар кітаптың мазмұны бойынша түсінік айтып береді. Бұл шара тамыз айында да жалғасын таппақ.