Алматы облысында жылқыны көлікпен әдейі басқан жүргізушіге қатысты әкімдік түсініктеме берді

Алматы облысында жылқыны көлікпен әдейі басқан жүргізушіге қатысты әкімдік түсініктеме берді
сурет: Inform.kz

Жүргізушіге қатысты іс қозғалды

Алматы облысында жылқыны көлікпен әдейі басқан жүргізушіге қатысты әкімдік түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

«Іле ауданында жол талғамайтын көлікпен жылқыны әдейі басқан оқиға шілденің 16-да болған. Қазір жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы «Жануарларға қатыгездiк жасау» дерегі бойынша іс қозғалды. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға басшылықтың назарына алынғанын жеткізді»,- деп жазды өзінің Facebook-тегі парақшасында Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел. 

Айта кетейік, ер адамның жол талғамайтын көлікпен жылқыны қасақана түрде басып жатқан видеосы желіге тарааған болатын. Видео авторы жылқыны басқан адамды полиция алып кетіп, артынша бостандыққа жібере салғандығына шағымданады. 

«Мына жігіт кеше біздің жылқымызды көлікпен басқан. Кеше түнде полиция алып кеткен. Ал бүгін бостандықта жүр. Бұл не масқара!» - дейді видеоға түсіріп тұрған автор.

Ал полиция күдіктінің арнайы қолхатпен босатылғанын хабарлады. 

«16 шілде күні Іле ауданындағы Междуречинск ауылының 38 жастағы тұрғыны көршісімен жанжалдасып, оның жылқысын қасақана түрде жол талғамайтын көлікпен басқан. Қазір күдіктінің үстінен ҚР ҚК 316 бабы (Жануарларға қатыгездiк жасау) бойынша іс қозғалды. Арнайы қолхатпен босатылды», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.