Оқу-ағарту министрі әкімдермен кездесті

Оқу-ағарту министрі әкімдермен кездесті
Сурет: Qamshy.kz

Осы жиынның негізінде арнайы өңірлік бағдарлама қабылданады.

Ғани Бейсембаев Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының әкімдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Кездесуде өңірлерде білім беру сапасын арттыру, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту мәселелері талқыланды.

«Кездесу барысында Оқу-ағарту министрі мен бірқатар өңірлердің әкімдері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектептер салу мәселелерін талқылады. Тараптар оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды және апатты мектептерді жою үшін білім беру объектілерін уақытылы қолданысқа берудің маңызын атап өтті», - деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Оқу-ағарту министрі мен өңір басшылары білім беру саласына қатысты мәселелерді шешу үшін белсенді өзара іс-қимыл жасау туралы келісті.

Облыс әкімдерімен кездесу қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігі әр аймақта білім беруді дамытудың бірлескен арнайы өңірлік бағдарламасын қабылдайды.