Митинг мәдениеті

Митинг мәдениеті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қоғамда бейбіт шеру өткізудің әліппесін қалыптастыратын уақыт жетті.

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында қоғамдағы ахуалға ерекше маңыз беріп, құзіретті органдарға жұртшылыққа бейбіт митингілерді өткізуге рұқсат беруді міндеттегені  белгілі. «Егер бейбіт акциялар заңды бұзуды, азаматтардың тыныштығына кедергі келтіруді көздемесе, түсіністік танытып, оларды өткізуге рұқсат беру керек. Қала сыртында емес, арнайы жерлерде өткізе алатындай аймақ болуы қажет. Конституцияға қайшы кез келген іс-әрекеттерге шақыртулар, бұзақылық акциялар заңға сәйкес тоқтатылады»,– деген еді Президент. 

Әркім өзінің құқығын да, жауапкершілігін де түсінгені абзал

Сарапшылар қоғамды демократияландырудың батыл қадамы деп бағалаған – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында  да «Бейбіт жиындар» туралы заңның жобасы жайлы сөз қозғалған еді.  Мемлекет басшысы митингілерді ұйымдастыру принциптерін енгізуге кірісу керектігін мәлімдеді. «Қоғамның сана-сезіміне митинг мәдениетін қалыптастыратын уақыт келді» деді. Ол қоғамға да, мемлекетке де өз позициясын көпшілік алдында айтатындарға адекват қарайтын кез келгенін атап өтті. Мұның барлығын мәжбүрлі емес, саналы түрде істеу керек. Бірақ митингілердің құқық қана емес, жауапкершілік екенін де түсіну қажет.

2020 жылы  Мәжіліс пен Сенаттың талқысынан өтіп, мақұлданған «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға Қасым-Жомарт Тоқаев  сол жылғы 25 мамырда қол қойды. Осылайша, Қазақстанда бейбіт жиындар өткізу туралы мүлде жаңа Заң күшіне енді.

Еліміздегі бейбіт шеру өткізуге қатысты бұл үрдістер қоғамдық ортада да талқыға түсіп,  түрлі ой-пікірлер айтылуда.  Біздің редакциямызға оқырмандарымыздан осы мәселеге орай  көптеген қоңыраулар мен  хаттар, талап-тілектер түсуде. Оларды «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң ережелерінің  орындалуы, қоғам қауіпсіздігіне «шығын келтірмеген» шеруге  қатысушылардың  жағдайы  алаңдатады. Күні кеше ғана, 13 ақпанда бейбіт шеруге шыққандардың тағдыры жайлы да  білгісі келеді.  
Оқырмандарымыздың көңілін күпті қылған  осы және басқа да сауалдарға орай біз тиісті құзіретті органдарға хабарласқан едік.  Жауап көп күттірген жоқ. Сіздердің назарларыңызға қолымызға тиген сол  ресми  ақпаратты ұсынамыз.

Жаңа заң  белсенділер үшін елеулі шектеулер туғызбайды

Алматы қаласының  әкімдігі хабарлағандай, "Бейбіт жиналыстар туралы" заңның жаңа нұсқасы қабылданғаннан кейін саяси акциялардың саны едәуір арта түскен. Алдын ала қорытындыларға назар аударсақ, 2018-2019 жылдары рұқсат етілген 5 және 30  бейбіт жиналыс болды. 2020 жылдың маусымынан 2021 жылдың маусымына дейін, яғни  жаңа заң күшіне  енген кезде 552 келісілген бейбіт жиналыс өтті. Осы 552 бейбіт жиынның 493-і Алматы қаласында  өткізілді, оның ішінде 44 митинг, 446 пикет, 2 шеру және 1 демонстрация ұйымдастырылды.  
Тіпті, толық емес статистикаға сүйенсек, бейбіт жиналыстардың әртүрлі формада  өткізілуіне келісім беруге биліктің дайын екендігі байқалады. Қаңтарда болған  қайғылы оқиғалардан кейін де Алматыда  әкімдерді сайлау, таза ауа үшін, саяси партияларды тіркеу үшін бағдарларында 4 ірі митинг өтті. Сондай-ақ, 8 наурызда әйелдер құқығын қорғауға арналған жаппай іс-шара өтеді  деп күтілуде.
 Бұл акциялардың барлығы бейбіт жиналыстар туралы Заңға сәйкес өткізілуімен ерекшеленеді,  яғни белсенділер әкімдікке өз ниеттері туралы хабарлап, қала орталығына ғана жиналып  қойған жоқ, сонымен қатар құқық қорғау органдары митингке жиналған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, арандатушылыққа жол бермеді. 
Заңда  процедуралардың белгілі бір саны қамтылған, бұл елімізде бейбіт жиналыстар мәдениетінің  бірте-бірте  қалыптасуы үшін қажет. Жаңа митингілер, пикеттер, шерулер мен демонстрациялар санына қарайтын болсақ, байқағанымыздай, жаңа заң аясы белсенділер үшін елеулі  шектеулер туғызбайды, сонымен қатар мемлекетке де көшелерде  арандатушылық  мен тәртіпсіздіктердің алдын алу мүмкіндіктерін  береді.

13 ақпандағы  митингті ұйымдастырушылар неге жазаланды?

Алматы қалалық полиция Департаметінің мәліметтеріне  сүйенсек, 13 ақпанда Қазақстандағы қаңтар оқиғаларының құрбандарына арналған митингті ұйымдастырушылар  қарапайым  бір себепке байланысты  жазаланды: олар мемлекет ұсынған ережелерді пайдаланбауды жөн көрді. Ең бастысы, олар заң  құқықтарымызды бұзады, деп есептей отырып, тіпті әкімдікпен келісуге де  тырыспады. Нәтижесі  бәріне белгілі:
● Б.Әбілов пен М.А.Тұрымбетов құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, оларға  50 АЕК (153 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
● А.Тілеужанова 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. 
Маңыздысы сол, оларға  бұл санкциялар әкімдіктің қалауымен қолданылған жоқ, олардың істері сотта шешілді, сот  барысында заң бұзушылықтың барлық аспектілері қаралды. Жаза құқық бұзушының қоғамдағы жағдайына қарамастан  қолданылды, өйткені  заң алдында танымал кәсіпкер  болсын, оппозициялық саясаткер  болсын, бәрі бірдей жауапты.
Өкінішке орай, қолданыстағы заңдарды елемеу азаматтық ұстаным ретінде ұсынылады. Белсенділердің белгілі бір топтары бейбіт жиналыстарды алға тартып, мемлекетті бопсалаудан тартынбайды және әкім өздерімен жүздесуге шықпаса алаңнан кетпейміз  деп те бопсалауға құмар.    
 Мүмкін, Әбілов пен Мамай өздеріне  Әлтаев пен Наурызбаевқа қарағанда көбірек нәрселерге рұқсат етілген деп есептеулері ықтимал. Алайда, бұл жағдайда жазаның  саяси немесе жеке сипаты болмайды, бұл заңды елемей, өздерін басқалардан артық қоятындар мен жүгенсіз кеткендерді заңға бағынуға мәжбүрлеу шарасы ғана. 

ТҮЙІН:

Бейбіт шеру қағидаттарына сүйенсек, егер бұған дейін қолданыста болған заңда митинг өткізу үшін рұқсат алу процедурасы көзделсе, жаңа заңға орай митинг өткізу туралы тек хабар берсе жеткілікті. Сонымен қатар, ірі қалалардың орталықтарында бейбіт жиындарға, оның ішінде, наразылық акцияларын өткізуге арнайы орындар белгіленген. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл біздің қоғамды демократияландыру жолындағы өте маңызды қадам. Жиын өткізгісі келетіндер жаңа заңға бағынуға міндетті. Азаматтардың билікке қатысты өз ойын білдіру, сыни пікір айту құқығынан ешкім айыра алмайды. Бұл олардың конституциялық құқығы да және үлкен жауапкершілігі де, сондықтан кез келген  бейбіт жиын болсын, наразылық акциясы болсын, қатаң түрде заң аясында орындалуы керек.