Министрлік құрылыс саласындағы қымбатшылық мәселесін шешу жолын ұсынды

Министрлік құрылыс саласындағы қымбатшылық мәселесін шешу жолын ұсынды
сурет: Egemen.kz

Нормативтік құжат күшіне енеді

Құрылыс саласындағы бағының өсуін болдырмау мақсатында Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті бірқатар шаралар қабылдамақ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап. 

«Осы айдың соңында «Құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі» туралы нормативтік құжат күшіне енеді. Осының негізінде құрылысты жобалау-сметалық құжаттарының ішінен прайс-парақтар алынып тасталады. Бұл - құрылыс материалдарының сметада көрсетілген бағасынан қымбат болып кетпеуі үшін жасалып отыр. Сондай-ақ, министрлік «Құрылыс үшін құн индекстері» нормативтік құжатын әзірледі. Онда құрылыс саласындағы бағаның өсуі мен инфляция деңгейі ескеріледі», - деп мәлім етті министрліктің баспасөз қызметінен. 

Ведомства ақпаратына қарағанда, бүгінде денсаулық сақтау және білім беру объектілерінің құрылысында бағаны бақылап отыруға мүмкіндік беретін шекті мөлшерлеме бекітілген. Ал аталған нормативтік құжаттар күшіне енгесін, бұл бағыттағы құн индексі мен көрсеткіштер қайта қаралмақ.