Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне де қаңтардан бастап өзгерістер енгізілді

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне де қаңтардан бастап өзгерістер енгізілді
almaty-akshamy.kz

    Биыл көп салада жалақы өсіп жатыр, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінде, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшерінде де өзгерістер бар. Сондай-ақ, Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне де осы қаңтардан бастап өзгерістер енгізілді.

    Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асыратын тетік.

    – Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, сондай-ақ дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін ең төменгі бір жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5% мөлшерінде төленетін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасады. 

    2023 жылдан бастап ең төменгі жалақының 70 мың теңгеге дейін артатынын ескере отырып, биылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері айына 2450 теңгені (3,5%*70 000 теңге), ал ең жоғары мөлшері 17 150 теңгені (3,5%*7*70 000 теңге) құрайтын болады. Әлеуметтік аударымдардың уақытылы түсуі әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрі – еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілікке және босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуы кезінде азаматтарға әлеуметтік төлемдер алуды қамтамасыз етеді, – дейді «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ләззат Сағынбекова.

    2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдердің екі түрінің параметрлері өзгертілетін болады. Біріншісі - жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем, ол жүйеге қатысушыға жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап еңбек өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының соңғы екі жылдағы орташа айлық кірісіне, жүйеге қатысу өтіліне және кірісті ауыстыру коэффициентіне байланысты болады. Келесі жылдан бастап кірісті ауыстыру коэффициенті 45%-ға дейін артады, бұл әлеуметтік төлем мөлшерінің орта есеппен 13%-ға өсуіне әкеледі. Айта кету керек, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға нақты төлем алушыларға 45% коэффициенті қолданыла отырып, біржолғы қайта есептеу автоматты түрде жүргізілетін болады. Алматы қаласы бойынша 2080 алушыға төлем мөлшері ұлғайтылды.

    Екіншісі - бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем бүгінде бала бір жасқа толғанға дейін тағайындалатын болса, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап төлем ұзақтығы 1,5 жасқа дейін ұзартылады.

    Әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы екі жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды.

    2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, балалары 2022 жылы туған нақты алушыларға төлем автоматты түрде ұзартылатын болады. Алматы қаласы бойынша 25 365 алушыға төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. 

    Сонымен қатар, атап өтетін жағдай жұмыскер үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша қордан ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемнің екі түрі төленеді.

    Қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезеңге тағайындалады және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан төленеді. 

    Қордан асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда – 23 жасқа дейін төленеді. 

    Сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында бұл төлемдердің мөлшері жыл сайын артырылады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері автоматты түрде 8,5%-ға өсетін болады. 

    Алматы қаласы бойынша 6358 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайға және 4168 асыраушысынан айырылған отбасыға төлемдер мөлшері ұлғайтылды.

    Осылайша жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады.

    Сонымен қатар, төлемдерді қайта есептеу, арттыру және ұзарту автоматтандырылған режимде жүргізілетінін, яғни алушыларға қосымша құжаттар жинаудың қажеті жоқ екенін ерекше атап өткім келеді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толығырақ ақпаратты қордың gfss.kz интернет-ресурсы арқылы, сондай-ақ қор мен филиалдардың әлеуметтік желідегі аккаунттарынан алуға болады.