Мажарстан тізгіні Тамаш Шуйокта

Мажарстан тізгіні Тамаш Шуйокта
Сурет: politic.karpat.in.ua

Мажарстан парламенті Конституциялық сотының төрағасы Тамаш Шуйокты республиканың жаңа президенті етіп сайлады. Бұл туралы Anadolu Ajansi агенттігі жазды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Шуйоктың кандидатурасына 134 депутат дауыс берсе, бес депутат қарсы болды.

Шуйок заң кеңесшісі, заңгер және Австрияның құрметті консулы болған. Ол 10 жыл бойы Конституциялық соттың мүшесі, 2016 жылдан бері оның төрағасы қызметін атқарып келеді.

10 ақпанда Мажарстанның бұрынғы президенті Каталин Новак жетімдер үйіндегі жыныстық зорлық-зомбылық ісін жасырды деп айыпталған ер адамның кешірілуіне қатысты жанжалдан кейін отставкаға кететінін мәлімдеді. Оның орнына Шуйок отырды.

Анықтама үшін, Мажарстан Президенті – барлық венгрлерді біріктіруге тиіс саяси қайраткер және ел азаматтары оның басты рөлін осыдан көреді. Сонымен бірге оның өкілеттігі айтарлықтай шектеулі (заңдарға қол қояды, сайлау мерзімін белгілейді, судьяларды тағайындайды және т.б.). Мажарстан - парламенттік республика, онда негізгі билік премьер-министр мен үкіметтің қолында.