Инклюзивті ойындар

Инклюзивті ойындар almaty-akshamy.kz

Балалар жылы аясында мегаполисте ерекше балалардың қатысуымен ұлттық инклюзивті ойындар өтіп жатыр. «Жұлдызай» спорттық ойындары Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында және Орталық стадионда 27-30 қыркүйек аралығында спорттың 6 түрі бойынша ұйымдастырылуда.


Қатысушылар мини-футбол, голбол, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен қатар, асық ату, бес тас сынды ұлттық ойындардан да сынға түседі. Республикалық спартакиадаға еліміздің барлық аймағында өткен іріктеу жарыстарында топ жарған балалар қатысуда. Іріктеу сайысына еліміздегі 97 мамандандырылған интернатта оқитын және жалпы білім беретін мектеп ұстаздарының жетекшілігімен үйден білім алатын үш мыңға жуық балалар мен жасөспірімдер қатысты. Нәтижесінде олардың 310-ы республикалық додаға жолдама алған.




«Еліміздің әр аймағынан келген талантты, шымыр балақайларымызды осы додада көріп отырғаныма өте қуаныштымын. Жас таланттылардың өмірлеріне тек қана сәттілік тілеймін. Қазіргі уақытта елімізде спортпен айналысып жетістікке жетіп жүрген жандарды көзіміз шалады. Қандай жағдайда болса да, өздеріңізді жақсы көріңіздер, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар», – дейді Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.



«Жұлдызай» ойындары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылғы спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбелік жоспарына енді. Ойын жеңімпаздары халықаралық жарыстарға қатысып, спорттық разрядтар ала алады.




«Менің спортпен айналысып жүргеніме 4 жылдан астам уақыт өтіпті. Бастапқыда қиынға соқты. Денемді үйрете алмадым. Қазір оқуым мен спортты қатар алып жүремін. Бірнеше сайыстарға қатыстым. Өзім оқитын мектептің атын ауданаралық жарыстарда танытып жүрмін. Маған қолдау білдіріп, сенім артқан ата-анама, жаттықтырушыларыма алғысымды білдіремін», – дейді  Асылхан Шерзат есімді қатысушы.



Биылдан бастап «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарына айналған «Жұлдызай» спартакиадасы еліміздегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысатын жалғыз кәсіби спорттық жарыс болып табылады. «Жұлдызай» корпоративтік қоры көп жылдар бойы ерекше балалардың өмірін жақсартуға, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған шығармашылық, спорттық, медициналық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау, даму мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа тарту, оларды әлеуметтендіру және қоғамға интеграциялау, инклюзивті спортты дамыту үшін спорттық инфрақұрылымды құру және нығайту біздің жастар үшін инклюзивті ойындарды өткізудің негізгі мақсаттары болып табылады.



Инклюзивті ойындарды өткізуге ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті, Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласының спорт басқармасы, «Sport qory» қоры, өңірлердің әкімдіктері мен спорт түрлері бойынша федерациялар қолдау көрсетті.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Соңғы жаңалықтар


16:06

15:46

14:37

14:12

12:22

12:05

09:32

12:48

12:02

11:37

11:12

10:45

10:12

09:36

09:30

09:02

08:53

07:41

06:19

05:37

05:14

04:35

15:15

15:02

14:12